Жарияланды: 13.11.2022

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАРДЫҢ ТЕЛЕДЕБАТЫ ӨТТІ

Осы жылдың 20 қарашасына тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына орай 11 қараша күні кандидаттар арасында өткен телевизиялық пікірсайыс өз мәресіне жетті.

«Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде сағат 20.00-де басталып, 1 сағат 40 минутқа созылған теледебатқа кандидаттардан Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова және іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында алдын ала жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне байланысты жұмыс сапарына орай сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысты.

ҚР Орталық сайлау комиссиясымен алдын ала келісілген регламентке сәйкес, пікірсайыс 4 раундқа созылды. «Сайлауалды бағдарламаның таныстырылымы» деп аталған бірінші раундта кандидаттар және олардың сенім білдірген өкілдері сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.

Жеребеге сәйкес, алдымен сөз тізгіні Ерлан Қошановқа тиіп, ол «Алдағы жеті жылда Қазақстан қандай болады?» деген сауалға Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы жауап беретінін атап өтті.
«Біріншіден – әділетті қоғам! Яғни, қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруы тиіс. Екіншіден – әділетті экономика! Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халықтың қазынасы елімізге толықтай қайтып оралады. Үшіншіден – әділетті мемлекет! Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, бақуатты, қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз!», — деді ол.

Сонымен қатар ол мемлекеттік тіл – біздің бойтұмарымыз екенін баса айтты.

Келесі кандидат Қарақат Әбден мектепте оқитын балаларды ыстық тамақпен қамту, оқушылардың бос уақытында таланты мен қабілетін жүзеге асыруға жағдай жасау, мектеп бағдарламасында ұлттық құндылықтар мен рухани даму бағыттарында тәлім беретін жаңа пән енгізу, орфанды аурулармен ауыратын балаларға бөлек грант беру, жастарды тегін орта және жоғары біліммен қамту, шәкіртақыны еңбекақы жүйесіне сай есептеп, төлеу мәселесін көтерді.

«Қариясы жоқ ел жетім. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақал аталарымыз көненің көзі ғана емес, ұрпақ үшін маңызды өмірлік тәжірибесін жинаған қазыналар. Оларды қолдау арымызға, елдігімізге сын», — деген кандидат ұрпақтардың алғысы ретінде ұсынылатын іс-шараларды атап өтті.

Ал Жигули Дайрабаев мемлекетімізді дамытудың 3 бағытын атады. Бірінші бағыт – тек біздің ұлтымызға ғана тән дала демократиясы принципін орнату. Екінші бағыт – сана-сенімізді жаңартып, әр азаматты жоғары мәдениеттілікке шақыру. Үшінші бағыт – Қазақстанды ауылдары дамыған агродержаваға айналдыру.
«Кәсіпті қолға алып, елді асыраймын дейтіндерге жол ашық болуы керек. Оған қажетті бастапқы капитал – субсидия, несие еш кедергісіз берілуі тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген фермелер салықтың барлық түрлерінен босатылуы керек», — деді ол.

Кандидат Нұрлан Әуесбаев саяси реформалар жүргізіп, сыбайлас жемқорықпен күреске баса мән беретінін атап өтіп, елімізді парламенттік-президенттік республикаға айналдыру қажеттігін айтты.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Жемқорлық қылмыс барынша ұзақ мерзімге жазалануы тиіс. Олигархиялық капитализм емес, халықтық экономика құру керек», — деген кандидат мемлекеттің басты назарында адам болуы тиістігіне назар аудартты.

Бесінші болып сөз алған Салтанат Тұрсынбекова әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілуі тиістігін көтерді
«Ең төменгі жалақы мен күнкөріс мөлшерін қайта қарау, кедейшілікпен күрес бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру қажет. Баспанамен қамту мәселесін де шешу керек. Отбасыларға ана капиталын беріп, барлық баланы жәрдемақымен қамтуға тиіспіз. Ең бастысы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуіміз керек», — деді кандидат.

Бұл раундта соңғы болып сөз алған Мейрам Қажыкен әрбір Қазақстан азаматына теңдей мүмкіндік беру қажеттігін айта келе жастарға ерекше үміт артатынын білдірді. Жоғары білім беру саласы жаңғыртылып, жастарға тегін білім алуға мүмкіндік берілетінін атап өтті.

«Өңірлерді мемлекеттік басқару жүйесі дамитын болады. Әкімдердің дербес шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Қуатты өңірлер – қуатты республика. Халық барлық әкімді өзі сайлайды. Бұл азаматтардың жергілікті биліктің халық алдындағы шешім қабылдау және есеп беру деңгейін арттыратын болады», — деді ол.
«Пікірсайыс сессиясы» деп аталған келесі кезеңде телевизиялық пікірсайысқа қатысушылар өзі таңдаған 2 оппонентке сауал қойып, тұщымды жауап алды. Регламентке сәйкес, қатысушы сұрағын 30 секунд ішінде қойып, оппоненті 2 минуттың ішінде жауап беруге тырысты.

Ал «сайлаушылардың сұрақтары» деп аталған үшінші кезеңде кез келген азаматқа кандидатқа сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Айта кетерлігі, Телеарна ел азаматтарына 10 қарашаға дейін «КАНДИДАТТАН СҰРА!» деген айдармен кез келген кандидатқа бейне форматта сауал жолдау мүмкіндігін ұсынған болатын.
Төртінші раунд «Сайлаушыларға үндеу» деп аталды. Оның барысында теледебатқа қатысшылар сайлаушыларға үндеу жолдау мүмкіндігіне ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 20 қарашасында кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

249 қаралым