Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Солтүстік Қазақстан облысына барды.
Атап айтқанда, ол Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл, Мамлютка қалалары және Мамлютка ауданы Воскресеновка ауылындағы сайлау учаскелерінде болды. Сапар барысында Ортсайлауком басшысы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесулерге барлығы 240 адам қатысты.
Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен өткен кеңесте уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өңірде сайлаушылар тізімдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігі үшін қажетті жағдайлар жасау, сайлау бюллетеньдерін күзету және уақтылы жеткізу және т. б. туралы баяндады.
Мәселен, БҚО АСК төрағасы Асқар Сақыпкереев сайлау науқанына облыстың 655 сайлау комиссиясы қатысқанын, сайлау учаскелерінің жалпы саны – 428 екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізуде. Сайлау комиссияларын каскадты әдіспен, яғни жоғары тұрған сайлау комиссиясынан – төмен тұрған комиссияларға оқыту ұйымдастырылды. Сайлау науқаны басталғаннан бері облыста сайлау комиссияларының мүшелерімен 36 семинар-кеңес өткізілді, оларға комиссиялардың 3 356 мүшесі қатысты.
Сайлаушылар тізімдері а.ж. 30 қазанында сайлау комиссияларына берілді, ал 4 қарашадан бастап сайлаушыларға танысу үшін ұсынылды. Тізімге барлығы 385 672 сайлаушы енгізілген.
ҚР Президентінің сайлауы туралы халықты ақпараттандыру мақсатында облыс бойынша 106 ақпараттық-жұмылдыру баннерлері орналастырылды, азаматтарды дауыс беру күні, уақыты және орны туралы хабардар ету жөнінде қажетті шаралар қабылданды.
Сайлау күні облыстың 147 сайлау учаскесінде азаматтарды тіркеуді тексеру бойынша сервис жұмыс істейтін болады, ал Петропавл қаласының бес учаскесінде мобильді ХҚКО жұмысы ұйымдастырылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өз баяндамасында халықты ақпараттандыру аясында izbiratel.sko.kz іздеу сервисі іске қосылғанын хабарлады. Ол Петропавл қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында қолжетімді. Сонымен қатар 13 аудан мен облыс орталығында «Telegram бот «SailauSkoBot» және Call-орталықтар бар. iKOMEK-109 бірыңғай байланыс орталығының базасында тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді.
Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, оның ішінде жабдықталған кабиналар, тұрақты сайлау жәшігі, тасымалданатын сайлау жәшіктері, ақпараттық стендтер және т.б. қамтамасыз етілді.
Облыста 26 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдар бар, оның 2 239-ы сайлау учаскелерінде ерекше жағдайларды талап етеді. Нашар көретін азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында объектілерде тактильді көрсеткіштер орнатылды, сондай-ақ Брайль шрифтімен жарақтандырылған ақпараттық кестелер бар. 626 объектіде мүгедектігі бар адамдарға және басқа да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады, 502 сайлау учаскесін тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың дауыс беруіне арналған арнайы кабиналармен жабдықтау жоспарлануда. Дауыс беру күні «Инватакси» және әлеуметтік такси қызметтері тартылатын болады.
ОСК төрағасы мүгедектігі бар адамдар дауыс беретін барлық учаскелерді аралап, халықты әлеуметтік қорғау басқармасының назарын оларға барлық жағдайларды қамтамасыз етуге аударды, сондай-ақ комиссия мүшелерінің назарын дауыс беруге арналған үй-жайлардың тек сайлаушылар үшін ғана емес, байқаушылар, сенім білдірілген адамдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін де қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Сондай-ақ ол бұл науқанда ел бойынша барлық УСК 100% Брайль трафареттерімен қамтылатынын атап өтті. Жалпы, болашақта Брайль шрифтін білетін мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті, өйткені елдің сайлау жүйесінің өзгеруіне байланысты келесі жылдан бастап сайлау жиі өтеді (Парламент Мәжілісін, облыстық және аудандық мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа қағидаттары, императивті мандатты енгізу, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды енгізу).
Сапар аясында Нұрлан Әбдіров сайлаушылар мен мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін, оларда компьютер, аудио және бейнеаппаратуралар, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру, лупа және т.б. қамтылған бұрыштардың болуын тексерді. Екі сатылы арба көтергіш жүйемен жабдықталған учаскелердің бірін жоғары бағалады. Осыған байланысты барлық учаскелерді осы жабдықпен қарқынды жабдықтау қажеттілігін атап өтті.
Басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған жәшіктердің ыңғайсыз орналасуына байланысты ОСК басшысы байқаушыларға, сенім білдірілген адамдарға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне кедергісіз байқауға мүмкіндік беретіндей етіп қоюды ұсынды. Өз кезегінде учаскелік комиссиялардың мүшелері Орталық сайлау комиссиясы әзірлеген УСК мүшелері толтыратын әртүрлі журналдардың жоғары сапасы мен ыңғайлылығын атап өтіп, алғыстарын білдірді.
Учаскелерді аралау кезінде ОСК басшысы жергілікті атқарушы органдардың назарын сайлау учаскелері орналасқан үй-жайларды резервтік электрмен жабдықтауды және оларды жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге аударды. Сондай-ақ сайлаушыларға тізімдерде өздерін тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-сервистердің жұмысын тексерді және сайлау комиссиялары мүшелерінің электоралдық оқыту нәтижелерімен танысты.
Бағдарламаның екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренинг өткізілді. Тренинг жұмысына Никарагуа, Сальвадор, Гватемала, Македония, Югославия, Грузия, Украина, Армения, Түркия, Болгария, Қырғызстан, Колумбия, Гондурас, Босния және басқа да елдерде сайлауды байқауға қатысқан ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар Миссиясының өкілдері Maximo Juan Prades Barcelo (Швеция), Geraldine Ann Power (Ирландия) қатысты.
Семинар шеңберінде дауыс беру күніндегі іс-қимыл алгоритмі бойынша сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық дағдылары, оның ішінде сайлау учаскесін дауыс беру күніне дайындау, сайлау бюллетеньдерін беру, үй-жайдан тыс дауыс беруге арналған сайлау жәшіктерін тасымалдау, дауыстарды санау алгоритмі, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттамаларды ресімдеу және т.б. тексерілді. ОСК Төрағасы сайлау комиссиялары мүшелерінің іс-қимыл алгоритмі бойынша нақтылайтын сұрақтар қойып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырудағы басты міндет оның ашықтығын қамтамасыз ету екенін еске салды.
Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына бірқатар нақты тапсырмалар берді