Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Семей қаласындағы «Qazaq Astyq group» ЖШС май экстракциялық зауытына барып, еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорындағы күнбағыс шикізатын өңдеу қуаты тәулігіне 1000 тоннаны құрайды. Дайын өнім отандық нарықтан бөлек, ТМД елдеріне экспортталады. Қазіргі уақытта зауытта 400-ге жуық адам еңбек етеді.
Зауыт басшылығының айтуынша бүгінде толықтай өндірістік қуатқа шығу мүмкіндігі болмай отыр. Оған себеп кезінде Украина елінен сатып алынған жабдықтарға сәйкестік сертификатының жоқтығы.
Өз кезегінде Жигули Дайрабаев отандық өндіріс саласының дамуына үлес қосып жүрген әрбір кәсіпорынға мемлекет қолдау көрсету қажет екендігіне баса назар аударды.
«Еліміздің өсімдік майы өндірісінде әлемдік деңгейге көтерілуіне күмән жоқ. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне үлкен көлемдегі экспортқа шығуға мүмкіндік бар. Өз кезегінде мемлекеттің саясаты егістік алқабын әртараптандыруға және май дақылдарын өсіруді субсидиялауға бағытталуы тиіс. Осылайша осы сектордағы импорттың үлесін азайтуға және жеке қайта өңдеуші өндіріс ошақтарын дамытуға септігіміз тиеді», – дейді Жигули Дайрабаев.
Жиын соңында кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, саланы дамыту жолындағы жоспарларымен бөлісті. Ал, зауыт ұжымы Жигули Дайрабаевтың бастамаларын қолдап, іске асыруға жәрдемдесуге дайын екендіктерін жеткізді.