Теріскейде асылтұқымды мал басы артып отыр. Төрт түлікті тең өргізуге мемлекеттік қолдаудың септігі тиюде. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары да шаруашылықтың өн бойына қан жүгірткен. Қазір шаруалар ет өнімдерін экспорттау жұмыстарын қолға ала бастады, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Түркістан облысы Созақ ауданындағы «Қарақұр» өндірістік кооперативінде қаракөл қойы көбейген. Қазір мұндай түліктің ел аумағында 60 мыңдай басы ғана бар. Жойылудың шақ алдында тұрған асылтұқымды малға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақының көлемі де ауқымды. Шопан ата төлінің әрқайсысы шамамен 30-40 келі таза ет береді. Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінен сұраныс жоғары. Жауғашты Садырханов – «Қарақұр» өндірістік кооперативінің төрағасы
“Қазір биыл үшінші жыл басталғалы отыр. Арабтармен жұмыс істей бастадым осыдан 2 жыл бұрын. 3600 майда мал саттым, 120 өгізше саттым. Олар малды жоғары бағада алды. Осылармен жұмыс істеу арқасында жағдаймызды көтеріп алдық. Соның нәтижесінде өзіміздің жұмысшылардың айлық жалақысын көтеріп қойдық. Жаңа техникалар ала бастадық. Қазір жағдаймыз өте жақсы”.
Өндірістік кооператив 1996 жылы құрылған. 49 мың гектар жайылымдық жері бар. Шаруашылық қаракөл қойынан бөлек, 1000-ға жуық қосөркешті түйе бағады. Бүгінгі таңда 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Атакәсіпті табысты бизнеске айналдырған азамат елдегі тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек беріп те тұрады. Жақында ауыл ішіндегі 6 шақырым жолға тас төсетті.
П. Биназарқызы