Жарияланды: 05.03.2023

Түркістан облысында көктемгі әскери шақыру науқаны басталды

Түркістан облысында мерзімдік әскери шақыру науқаны басталды. Бүгін 17 аудан, қаладан топтастырылған 31 әскерге шақырылушы Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметіне 1 жыл мерзімге аттанады. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев Кентау қаласында орналасқан облыстық жинақтау пунктін аралап, жұмысымен танысты.

 
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаев пен орынбасары полковник Әлімжан Оспанов биыл 1 наурызда басталған әскери қызметке шақыру науқанының дайындығы және қадағалау шаралары жөнінде баяндады. Мұнда әскерге шақырылушылар медициналық және полиграфиялық зерттеулерден өтіп, психологиялық тест тапсырады. Комиссия төрағасы Б.Тәжібаев әскери пункттегі жатын орындары мен тамақтану сапаларын бақылап, әскерге шақырылушылармен тілдесті.
– Отанға адал қызмет ету, елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Әскерде борышын өтеу, сарбаз атану ер азаматтарға артылған жауапкершілік екені белгілі. Оны жастарға түсіндіріп, жас сайыпқырандарды жігерлендірген жөн. Аудан, қала әкімдері мен жауапты басшылар әскерге аттану науқанын сапалы жүзеге асырып, жауапкершілікпен қараулары тиіс, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Жауаптылардың айтуынша, облыс көлемінде 2023 жылы көктемгі шақыруға – 2200, күзгі шақыруға – 2300, ал жалпы 4500 азаматты әскери қызметке шақыру көзделуде. Олар Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара Қызметі, Ұлттық Ұлан, Қарулы Күштері, Төтенше жағдайлар әскері, мемлекеттік күзет қызметіне жолданады. Көктемгі әскери шақыру науқаны наурыз-маусым айлары аралығын қамтиды. 2022 жылы Түркістан өңірінен 4300-ге жуық азамат ҚР Қарулы Күштері қатарына жіберіліп, жоспар асыра орындалған.
Мерзімді әскери қызметке еліміздің 18 – 27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды, бұрын сотты болмаған, қабылдануды кейінге қалдыруға негізі жоқ барлық ер — азаматтар қатысады. Оларды құлақтандыру бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, қолма-қол шақыру қағазын ұсыну, жұмыс орны арқылы хабарландыру, Электронды үкімет порталының 1414 бірыңғай байланыс орталығынан смс жолдау аясында іске асырылуда.
469 қаралым