Жарияланды: 06.03.2023

«Мен қазақша сөйлеймін!» акциясының марапаттау рәсімі өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы Ұлы Дала Елі орталығында «Мен қазақша сөйлеймін!» акциясының марапаттау рәсімі өтті.

 
Аталған акция облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен биыл қаңтар-ақпан айларында түрлі этнос өкілдері арасында әлеуметтік желіде өткен болатын.
Шараның мақсаты — ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойлары аясында қос шайырдың шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу. Акцияға барлығы 202 үміткер қатысып, жүзден жүйрік болып 10 қатысушы іріктелді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Кентау қаласы Қарнақ жалпы орта мектебінің 3 сынып оқушысы Зарина Нажимоваға бұйырды. Бірінші орынға Қазығұрт ауданынан Фазилат Суннатова лайық деп танылса, Кентау қаласынан Чарас Еркинова мен Жетісай ауданынан Софья Фисенко екінші орын иегері атанды. Ал түлкібастық Тахмина Тавшанова, кентаулық Роза Анварова, Төлеби ауданынан келген Дилноза Халмуратова үшінші орын алды. Сонымен қатар, Сауран ауданынан келген 2 сынып оқушысы Мариям Валиеваға «Үкілі үміт» номинациясы, Жетісай ауданынан Мох Михаэльге «Тілге құрмет» номинациясы, төлебилік Шахноза Адилжанқызына «Тіл жанашыры» номинациясы тапсырылды.
Қазылар алқасының қатарында белгілі сазгер, профессор, журналист Бекжігіт Сердәлі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Үржамал Ыбыраева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тележүргізуші Төребек Байтас, ақын Әйгерім Жұмабай, облыстық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова бар. Олар жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ барлық үміткерге акцияға атсалысқандары үшін мәдениет басқармасы атынан диплом табысталды.
585 қаралым