Жарияланды: 31.03.2023

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕРДІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлының төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аудандағы игерілмей жатқан жерлерді игеру, қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою, цифрландыру мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы бойынша жауапты сала мамандарының есебі тыңдалып, ұсыныс-пікірлер талқыланды.
Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілген.
Өткен жылғы түгендеу нәтижесінде анықталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің жалпы ауданы 351,57 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Нәтижесінде 6 гектар жер игерілсе, 9,72 гектар жер ерікті түрде мемлекетке қайтарылған.
Бүгінде 55 дана жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 335,85 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы және 2 гектар кәсіпкерлік мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланбай жатқан 61 нысан анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 13 наурыздағы №86 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен жалпы 66 қызмет көрсетіледі, оның 38-і баламалы (ХҚКО, электронды, қағаз), 26-ы электронды түрде болса, 2-і тікелей (тек қана қағаз түрінде) ұсынылады.
Жетісай ауданы әкімдігінің қала, кент, ауылдық округтері әкімі аппараттары және дербес бөлімдерімен өткен жылдың 12 айында көрсетілген 53 273 мемлекеттік қызметтің 1617-і баламалы қағаз түрінде, 38 876-ы электронды түрде мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелері арқылы, 12 780-і халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізілген. Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысымен электронды қызмет көрсету үлесі ауданда 72,1 пайызды құраған.
Мәжіліс соңында аудан басшысы қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына жұмысты жандандыруды, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.
473 қаралым