Жарияланды: 02.04.2023

ТҮРКІСТАН: «ШЫНАЙЫ КҮЛКІ ШЫҢДАЛУҒА ЖАҚСЫ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚШЫЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында белгілі режиссер Тілеу Аханбаевтың 75 жылдығына арналған «Шынайы күлкі шыңдалуға жақсы» атты облыстық әзіл-сықақшылар байқауы өтті.
Аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсаты — Қазығұрт ауданының тумасы, сатира саңлағы, режиссер, киноактер, сатира жанрында айрықша еңбегі сіңген Тілеу Аханбаевтың шығармашылығын дәріптеу, сондай-ақ әдеби сатира жанрын пайдалана отырып, сахналық қойылымды дамыту, сатирик жазушылардың классикалық шығармаларын насихаттау, жастар арасында әзіл-қалжың айту, әзілдесу мәдениетін қалыптастыру, облыс бойынша әзілкештер мен сықақшыларды анықтау және олардың шығармашылығына бағыт-бағдар беру.
Аудан әкімі Ә. Исмаилов іс-шараны ашып беріп, байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Аталмыш сайыста облыстағы сықақшылар бақ сынап, өнерлерін ортаға салды. Екі кезеңнен тұратын байқауға жалпы 11 өнерпаз ұжым қатысты. Бірінші кезең бойынша қатысушылар интермедияларында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді әзіл түрінде көрсетсе, екінші кезеңде пародия, монолог сынды түрлі жанрдағы қойылымдарды сахналап, көрермен көңілінен шығып жатты.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Кентау қаласының «Шапалақ» драма ұжымына, І орын Қазығұрт ауданының «Тамаша» ойын-сауық отауына, ІІ орын Сарыағаш ауданының «Күлкістан» әзіл-сықақ отауына, екі ІІІ орын Шардара ауданының Шардара халық театры мен Бәйдібек ауданының «Шаян» халық театрына бұйырды. Ал облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесін Сайрам ауданының «Сайрам әзілкештері», Садықбек Адамбеков атындағы арнайы жүлдені Мақтарал ауданының «Мәдениет құрамасы» командасы, Алпысбай Боранбаев атындағы арнайы жүлдені Төлеби ауданынан ең жас әзілкеш Ахметова Диляра иеленді.
Жеңімпаздарға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен сертификаттар, сыйлықтар табыс етілді.
1 000 қаралым