Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдердің ең бірінші мақсаты аймаққа инвестиция тарту арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту болып табылады. Инвестиция тарту арқылы ауданның кіріс көлемі артылып, әлеуметтік – экономикалық мүмкіндігі жақсарады. Салық түсімі көбейген сайын елді мекенді абаттандыру, жол жөндеу, балаларға ойын алаңшасын қою, спорттық қондырғылар орнату мүмкіндіктері артады.
Төлеби ауданының әлеуеті туризмді дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл салаға тартылған инвестиция көлемі де артуда. Туризмді дамыту мақсатында Қаратөбе ауылдық округі аумағынан кәсіпкер Жұмағұлов Ерболат Нұрланбекұлы «Нұрлы сан» демалыс аймағын іске қосуды жоспарлауда. Тартылатын инвестиция көлемі 1 млрд 500 млн теңге. Демалыс аймақ аумағына 45 коттедж, сауықтыру орталығы, футбол алаңы мен бассейн, теннис алаңдарының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Жоба іскен жағдайда 65 адам маусымдық, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Балдыберек елді мекенінен 200 адамға арналған «Тұран» спорттық-сауықтыру орталығы іске қосылады деп күтілуде. Жеке кәсіпкер Құралбеков Нұрдәулет Құралбекұлы 6,8 га аумаққа 26 коттедж, бассейн, стадион, теннистік корт, жабық спорт кешені, кіші футбол алаңшасы мен жүгіру жолағын салуды жоспарлауда. Жоба құны 800 млн теңге.
Аудан аумағына жұмыс жүргізуді жоспарлаған инвесторларға әкімдік тарапынан қажетті көмектер көрсетіледі.