ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барды.
Жарықбас елді мекеніндегі Л.Өтешов атындағы мектепте өткен кездесуге Алмалы, Ағыбет және Борлысай ауылдық округ тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары мен ауылдық округтер әкімдері қатысты.
Сенат депутаты ең алдымен Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, Парламенттің қолға алып жатқан саяси-әлеуметтік реформаларына кеңінен тоқталып, Ауыл партиясының жұмыс бағытын да түсіндіріп өтті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар тыңдалды. Оның ішінде Ағыбет ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғындары тарапынан аурухана, клуб, кітапхана, мәдениет үйі, балабақша мен ойын алаңшаларын салу секілді мәселелер қаралды. Бұдан бөлек, аудан көлемінде ұялы байланыс пен интернет желісінің жылдамдығын күшейту, жастар жұмыссыздығын жою, оларға жағдай жасап төмен пайызбен несие беру жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды.
Сенатор Әли Бектаев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзінің бақылауына алатындығын жеткізді. Сондай-ақ, тиісті министрлік пен комитеттерге депутаттық сауалдар жолдайтындығын түсіндірді.