Жарияланды: 05.08.2018

Жалпы өңірлік өнім межесі артып отыр

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы табиғатының кереметтігімен ерекшеленеді. Сондықтан да мұнда тау баурайын бөктерлей орналасқан демалыс орындары көп. Осы орындарды ашып, қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлер қазына бүйірін толтырумен қатар, ауылдықтарды жұмыспен де қамтып отыр. Ауданда бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай толымды жетістіктер жетерлік. Жоспарланған межеге жету мақсатында жалпы құны 347 млн. теңгені құрайтын «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы салынады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Сыйымдылығы 100 орындық орталықта 50 жұмыс орны ашылып, 2000 турист қамтылмақ. Сондай-ақ, «Саумалмен емдеу орталығы» қызмет көрсететін болады. Ақсу өзені шатқалында, яғни Иірсу елді мекеніне 8 шақырым жерде теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан жерде табиғатты тамашалау алаңы құрылмақ. Жобаларды 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Биыл жалпы өңірлік өнім межесін 70 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ауданға былтыр 18 млрд. 206 млн. 500 мың теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіп кәсіпорындары 22 млрд. 682 млн. 671 мың. теңгенің өнімін өндірген. Аудан бойынша белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 6310 бірлікке жетіп, өндірілген өнім көлемі 34,2 млрд. теңгені құрады. Ал салық төлемдері 272,6 млн. теңгеге жетіп, 2,7 пайызға артты». Сондай-ақ, ауданда Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 99,4 млрд. теңгелік 10 жоба енген. Бүгінгі таңда құны 1,2 млрд. теңгелік 3 жоба жүзеге асқан. 2018-2020 жылдары жалпы құны 98,2 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 3500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

1 132 қаралым