Жарияланды: 17.05.2023

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік».

«Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Тек былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын».

«Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей «Бір белдеу – бір жол» бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын».

«Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді».

«Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды. Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін».

212 қаралым