Жарияланды: 19.05.2023

Түркия таңғалдырудан жалықпайды

Коньяға табанымыз тигеннен кейін бірінші барғанымыз — Мевлана музейі. Румидің құрметіне жасалған алып мавзолейді өз көзіңмен көру, аурасын сезіну бөлекше. Қаланы аралағанда ескі мен жаңаның қатар қолданылғанын байқадық. Ал біз орналасқан HICH қонақүйі дәл Мевлана музейінің жанында екен. Жұмадағы таңымызды азанның әуезді үнімен бастауға себеп болған бұл қонақүйді Серкан Ванлы 2013 жылы ашқан. Бұл кісі ел аралап, жер көргенді, саяхаттай жүріп өзіне ерекше ұнаған детальдарды қойындәптеріне түртіп алуды әдетке айналдырған. Мына қонақүй — сол ерекше идеялардың жемісі. Расында Түркияда замануи үлгіде жасалған, сәннің соңғы жетістіктерін паш ететін қонақүйлер жетерлік. Ал бұл қонақүй Түрік елінің көне тарихы мен дәстүрін бүгінгі өмір салтымен үндестіре білуімен құнды. Қонақүйге кіргенде тас дәуіріне енгендей әсерде боласыз. Бірақ, жайлы төсек, жарық та сәулетті бөлмедегі заттардың бәрі заманауи үлгіде жасалған. Коньяның дәл жүрегінде, Мевланының жанында орналасқан HICH қонақүйі әр туристің көңілінен шығарына күмән жоқ.

404 қаралым