Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшілігінде «Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы және оның Оңтүстік Африкамен ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Осы іс-шараға ОАР дипломаттары, Парламент және жергілікті муниципалитеттің депутаттары, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтың, академиялық топтар мен БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Еркін Ахинжанов дөңгелек үстелге қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы, ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарын сайлау нәтижелері, сондай-ақ Президенттің еліміздің жаңа Үкіметі алдына қойған негізгі бастамалары мен міндеттері туралы хабардар етті.
Оңтүстікафрикалық «The Diplomatic Informer» басылымының атқарушы директоры және бас редакторы Сьюзан Новелла парламенттік сайлауға ақпараттық сүйемелдеу жүргізу үшін Қазақстанға барған сапарынан алған әсерімен бөлісті. Ол өткен сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ашық түрде өткізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысушылар құқықтық мемлекетті нығайту мен Әділетті Қазақстанды құруды қамтитын саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық реформаларға байланысты түрлі тақырыптарды талқылауға белсенді қатысты. Сондай-ақ, олар Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне және ҚР мен ОАР арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағына қызығушылық танытты.
Оңтүстік Африка жұртшылығының өкілдері еліміздегі жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістердің деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанның дамуы үшін зор әлеуетті бар екенін атап өтті.