Жарияланды: 21.05.2023

Қазақстан мен Молдова энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды

Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков Молдованың Энергетика министрі Виктор Парликовпен кездесу өткізді. Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде энергетика саласындағы мәселелердің кең ауқымы талқыланды.

А. Айдарбеков ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі саяси, демократиялық және конституциялық реформалар, экономикалық басымдықтар, инвестициялық ынтымақтастық және Қазақстанның Молдовамен әріптестігіне маңызды мән берілетін Еуропа елдерімен өзара іс-қимылы туралы хабардар етті.

Өз кезегінде В. Парликов Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді оң атап өтті және қазіргі таңда іске қосылмаған әлеуеті бар энергетика секторындағы әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады. Сондай-ақ, ол өзі басқаратын ведомствоның басымдықтарымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Тараптар Молдовада іске асырылып жатқан екіжақты жобаларға, атап айтқанда, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын ілгерілету, энергия ресурстарын өзара жеткізуді жолға салу, сондай-ақ отын-энергетика және логистика саласындағы жобаларға ерекше назар аударды.

327 қаралым