Қытай астанасында шетелдегі алғашқы қазақстандық «Балдырған» балаларды дамыту орталығының 5 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Мерекелік іс-шараға Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық дипломаттар, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының және Қазақстан ұлттық компаниялары өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.
Салтанатты шара аясында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев құттықтау сөз айтып, дәстүрлі «тұсаукесер» рәсіміне қатысты. Қазақстандық дипломат шетелде осындай мектепке дейін білім беру мекемелерінің маңыздылығын және «Балдырған» балаларды дамыту орталығының өскелең ұрпақты Отанға, тілге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім баулуға қосып отырған ерекше үлесін атап өтті.
Қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен ашылған мекеме қазақ тілінде оқытатын шетелдегі алғашқы балалар даму орталығы болды. Орталықтағы балалардың арасында жақын және алыс шет елдерінен келген дипломаттардың балалары, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері де бар.
Дамыту орталығындағы мектепке даярлық тобының балаларына қазақ, қытай және ағылшын тілдері оқытылады, сонымен қатар хореография, ән айту және сурет салу сабақтары да бар. Қазіргі уақытта «Балдырған» орталығында 19 бала тәрбиеленуде.