Жарияланды: 21.05.2023

Француз сарапшылары Орталық Азия өңірінің рөлін талқылады

Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Орталық Азиямен айналысатын француз сарапшыларының қатысуымен Париждегі БҰҰ Университетаралық комитеті (CINUP) ұйымдастырған «Орталық Азия және оның өңірлік рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ел басшылығының өңірдегі саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту жөніндегі күш-жігерін атап өтіп, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі рөліне аудиторияның назарын аударды.

Пікірталас барысында сарапшылар өңір елдері, соның ішінде Қазақстан алдында тұрған заманауи сын-қатерлер бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, CINUP президенті Эрик Гюошон, Францияның Халықаралық қатынастар институтының (IFRI) өкілі Микаэль Левистон және Францияның Орталық Азия зерттеулер институтының сарапшысы Дидье Шоде өз сөздерінде өңірдің әлемдегі өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. Сонымен қатар, француз сарапшылары елімізде демократиялық институттарды жан-жақты нығайту және өткен парламенттік сайлауды қоса алғанда, жаңа саяси жүйені енгізу бойынша қабылданып жатқан шараларды оң аспектіде бағалады. Қазақстанның бірқатар елдерге, соның ішінде Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетудің маңыздылығы аталып өтті.

Сонымен қатар, қатысушылар ү.ж. 8-9 маусымда өтетін жаңа диалог алаңы – Астана халықаралық форумымен танысты. Форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң болмақ.

Іс-шара соңында барлық қатысушылар арасында өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу өтті.

297 қаралым