Қазақстанның Париждегі Елшілігінде Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» шығармасына арналған қысқа метражды анимациялық фильмнің премьерасы өтті. «MPL Culture» компаниясының қолдауымен «Қазақстанның Франциядағы әйелдері» қоғамдастығы ұйымдастырған іс-шараға шет мемлекеттердің елшілері, саяси, академиялық, мәдени және іскер топтардың өкілдері қатысты.
Анимациялық фильмді Ангулем қаласында оқитын Доминика Қыдырбаеваның жетекшілігімен француз-қазақстандық студенттердің креативті тобы жасады. Мәдени іс-шараның аясында Ғазиза Ғабдрахимова қазақ композиторларының шығармаларын ежелгі қобыз аспабында орындады.
Сонымен қатар, алдағы күндері Ренн мен Парижде ұлы ақынның шығармашылығына арналған іс-шаралар өтеді. Осы қалаларда орнатылған Абай ескерткіштерінің жанында жиналып, қазақстандықтар мен оның шығармашылығын сүйетін француз азаматтары ұлы бабамызды еске алып, өлеңдерін оқиды.