Жарияланды: 26.05.2023

Рухани дипломатия: қазақстандық дінаралық диалог бастамасы Израильде талқыланады

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезінің қорытындысына арналған «Дін лидерлері бейбітшілік үшін» халықаралық дөңгелек үстелін ұйымдастыру аясында Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің ресми өкілдерімен және белгілі дін қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізіп, сондай-ақ Хайфа университетіндегі көпконфессиялы симпозиум мен Бахаи халықаралық қауымдастығының съезіне қатысты.

Израильдің Дін істері министрі Майкл Малкиелимен кездесу барысында израильдік әріптестер дінаралық және конфессияаралық диалогтың қазақстандық үлгісін ерекше атап өтті.

Астанада болған кезінде діни көшбасшылармен болған кездесулерін жылы шыраймен еске ала отырып, Иерусалим Патриархы Феофил III Қазақстан халқының достық, өзара түсіністік, толеранттылық қасиеттері мен бірлігін жоғары бағалады. Осы орайда Иерусалим Патриархы алдағы маңызды халықаралық форумға қызығушылықпен қатысатынын айтты.

Иерусалим Латын Патриархы, Католик шіркеуінің басшысы Пиербаттиста Пицабалла конфессияаралық диалогтың қазақстандық моделінің маңыздылығына назар аудара келе, Қазақстанның астанасында тұрақты жұмыс істейтін форум бүкіл әлем дінбасыларына ашықтық, толеранттылық және өзара құрмет атмосферасындағы ең өзекті және өткір мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Хайфа университетіндегі көпконфессиялы симпозиум мен Бахаи халықаралық қауымдастығының съезі өткен алаңдарда С. Бұршақов жиналғандарды алдағы конференцияның күн тәртібімен таныстырып өтті. Атап айтқанда Бахаи қауымдастығының Бас хатшысы Дэвид Рутштейн, Иерусалим Латын патриархы, Друздар қауымының басшысы Шейх Муафак Тариф және басқалар дөңгелек үстелге қатысуға шақырылды.

140 қаралым