Жарияланды: 27.05.2023

Испаниядағы ең ірі кітап жәрмеңкесінде Қазақстанның әдеби жауһарлары ұсынылды

Испаниядағы әдебиет сүйер қауымға арналған ең ауқымды шара саналатын Мадрид кітап көрмесінде қазақ поэзиясының, прозасының інжу-маржандары, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшылы Абайдың философиясы ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатына Испанияның Мәдениет және спорт министрі Микель Исета, Мадрид қаласының мэрі Хосе Луис Мартинес-Альмейда және басқа да саяси және мәдени истеблишменттің көрнекті өкілдері қатысты.

Биыл Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі мен «VISOR» баспасының қолдауымен испан тілінде жарық көрген Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы, сондай-ақ «Абай» кітабы қалың оқырманға таныстырылды.

11 маусымға дейін жалғасатын шара Испания астанасының тұрғындары мен қонақтарына қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді.

Анықтама: Мадрид кітап жәрмеңкесі 1933 жылдан бері өткізіліп келеді және Испаниядағы ең ірі әдеби шара болып табылады. Жыл сайын көрмені мыңдаған кітап және әдеби өнерді ұнатушылар тамашалайды және оған Испанияның да, басқа елдердің де ірі компаниялары демеуші ретінде қолдау көрсетеді. Іс-шараның бұрыннан келе жатқан дәстүрі бар, соның ішінде қолтаңба беру рәсімдері, кітаптарды тақырыптық талқылау, спикерлердің сөз сөйлеуі және т.б. Жәрмеңке қонақтары үшін барлық жастарға арналған және жанрдағы кітаптар бар.

 

151 қаралым