Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінде (ӘММӨУ) қазақтың әйгілі мұнайшысы, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым және техника қайраткері Сафи Өтебаевқа арналған барельефтің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінің ректоры Мұстафа Бабанлы, «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов, Сафи Өтебаевтың ұлы Мақсұт Өтебаев, ӘММӨУ оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ә. Байел іс-шарада айтқан сөзінде Қазақстан мен Әзербайжанды ортақ тарих пен мәдениет қана емес, экономикаларының ұқсастығы да байланыстырып тұрғанын атап өтті. Дипломат табиғи ресурстарды елдеріміздің дамуы мақсатына пайдаланудың басты міндет екенін айтты.
Елші жиналғандардың назарын қос мемлекет басшылары арасында сенімге негізделген тығыз диалогтың орнағанына аударды. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде биыл алғаш рет қазақ мұнайы «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбыры арқылы тасымалдана бастады. Алдағы кезеңде осы бағыт арқылы экспортталатын қазақ мұнайының көлемін арттыру жоспарлануда.
ӘММӨУ ректоры М. Бабанлы өз сөзінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары білім саласында орнаған ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, университет Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университетімен байланысты белсенді түрде дамыту үстінде. Ректор барельефтің ашылуы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жетілдірудің тағы бір белесі болғанын атап өтті.
Өз кезегінде М. Өтебаев барельеф орнатып, әкесінің еңбегін жоғары бағалағаны үшін әзербайжан тарапы пен ұйымдастырушылардың барлығына өз ризашылығын білдірді.
Анықтама: С. Өтебаев 1909 жылғы 25 мамырда Қазақстанның Атырау облысы Қарабау ауылында дүниеге келген. 1931-1935 жж. Баку мұнай институтында (қазіргі ӘММӨУ) білім алған. С. Өтебаев Қазақстан мұнай өнеркәсібінің негізін салушылардың бірі болып саналады. Еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік наградалар және ордендермен марапатталған. Оның есімі Атырау мұнай және газ университеті мен Жылыой мұнай-газ технологиялық колледжіне берілген.