Жарияланды: 29.05.2023

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифинг өткізді

Мазмұны:

  1. Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы ресми сапары туралы;
  2. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы күресте қауіпсіздік жөніндегі бастаманың 20 жылдығына орай Жоғары деңгейдегі кездесуге қатысуы туралы;
  3. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі алдағы консультациялары туралы;
  4. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының «БРИКС+» форматы бойынша Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысуы туралы;
  5. Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық аралас комиссиясының алдағы отырысы туралы;
  6. БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Өңірлік бюро директорының сапары туралы.
  1. Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы ресми сапары туралы

2023 жылғы 30 мамыр — 1 маусым аралығында Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді. Сапар барысында оның Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен екіжақты келіссөздері жоспарланған.

Тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің, оның ішінде саяси, экономикалық және мәдени өзара іс-қимыл салаларындағы Қазақстан-Оңтүстік Корея қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылайды. Халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберінде екі елдің ынтымақтастығы бойынша пікір алмасу жоспарлануда.

Сапар аясында корей министрінің мемлекет басшылығымен кездесуі жоспарланған.

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы күресте қауіпсіздік жөніндегі бастаманың 20 жылдығына орай Жоғары деңгейдегі кездесуге қатысуы туралы

2023 жылғы 30-31 мамыр аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Чеджу қаласында (Корея Республикасы) өтетін Жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы күресте қауіпсіздік жөніндегі бастаманың 20 жылдығына орай Жоғары деңгейдегі кездесуге қатысады.

Іс-шараға Азия, Еуропа, Америка, Африка және Тынық мұхиты аймағынан келген бастамаға қатысушы елдердің сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Сапар аясында бірқатар кездесулер, сондай-ақ қазақстандық делегация басшысының Жоғары деңгейдегі кездесуде сөз сөйлеуі жоспарланған.

  1. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі алдағы консультациялар туралы

2023 жылғы 30 мамырда Минск қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде көпжақты консультациялар жоспарланған.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев басқарады.

Іс-шара барысында 2023 жылғы маусымда жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына дайындық мәселелерін және Ұйым шеңберіндегі сыртқы саяси ынтымақтастықтың басқа да өзекті аспектілерін талқылау жоспарлануда.

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының «БРИКС+» форматы бойынша Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысуы туралы

2023 жылғы 1-3 маусым аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров «БРИКС+» форматында өтетін Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Кейптаун қаласына (Оңтүстік Африка Республикасы) іс-сапармен барады. Қазақстан осы іс-шараға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте қазіргі төраға және Шанхай ынтымақтастық ұйымында келесі төраға ретінде шақырылған.

Кездесудің тақырыбы – «Тілектестіктен қарқынды өсуді, орнықты дамуды және инклюзивті көпжақтылықты қамтамасыз ету бойынша ұжымдық қимылға көшу».

Форумға қатысушылар климаттың өзгеруі, кедейшілікпен, құрғақшылықпен күрес, әлемнің індеттен кейінгі дамуы, көлік пен транзит салаларының дамуы және т.б. өзекті мәселелерді талқылауды жоспарлауда.

Іс-сапар аясында Қазақстан өкілінің Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрі Наледи Пандормен және осы елдің БРИКС-тегі шерпасы Анил Суклалмен, сондай-ақ іс-шараға қатысатын басқа делегациялардың басшыларымен екіжақты кездесулері жоспарланған.

Қазақстанның БРИКС елдерімен ынтымақтастығы жоғары деңгейге жетті. Атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстанның БРИКС мемлекеттерімен жалпы сауда айналымы 50 миллиард АҚШ долларынан асқан.

  1. Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық аралас комиссиясының алдағы отырысы туралы

2023 жылғы 30 мамырда Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен Испанияның Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Шиана Маргарита Мендес Бертолоның төрағалығымен Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық аралас комиссиясының 10-шы отырысы өтеді.

Сондай-ақ сол күні «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев және «MAXAM» испандық компаниясының коммерциялық директоры Хосе Мария Кассас бірлесіп төрағалық ететін «Қазақстан-Испания» іскерлік кеңесі өтеді.

  1. БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Өңірлік бюро директорының сапары туралы

2023 жылғы 28-30 мамыр аралығында Қазақстанда Азия-Тынық мұхиты өңірі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Өңірлік бюросының директоры Индрика Ратватте сапармен болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілінің босқындарды қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылау үшін ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттарымен, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумышпен кездесулері жоспарланған.

Оған қоса Индрика Ратватте 30 мамырда Алматыда Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен өтетін азаматтық жоқсыздықты жою мәселелері жөніндегі дөңгелек үстелдің жұмысына қатысады.

 

 

243 қаралым