Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Лиссабон ғылым академиясының президенті Жозе Луиш Кардозумен кездесіп, ғылым мен технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады.
Әңгімелесушілердің назары шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге, атап айтқанда, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық туралы мемлекетаралық келісім жобасын келісу барысына, сондай-ақ екі елдің ғылыми және зерттеу орталықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне бағышталды.
Қазақстандық дипломат өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін әлі күнге іске аспаған зор әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру бойынша мемлекеттік шаралар кешені туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Қазіргі кезде ҚР Президенті жанында Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді, зерттеулерді қаржыландыру көлемі мен тетіктері едәуір өсті, ғалымдардың мәртебесіне ерекше назар аударылып отыр, олардың әлеуметтік қорғалуы күшейтілді, ғылыми ұйымдарды жаңғырту басталды, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарындағы қазақстандық ғалымдардың тағылымдамалар саны артты. Ғылымды дамытудың жаңа моделінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше екені де атап өтілді.
Лиссабон ғылым академиясының басшысы өз тарапынан Португалиядағы ғылым, технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы алғабасулар жайлы әңгімелеп берді. Елшінің ынтымақтастықты дамыту келешегі жөніндегі ой-пікірлерімен келісе отырып, португалдық тараптың екіжақты ықпалдастықтың барлық спектрі бойынша қазақстандық әріптестерімен жұмыс істеуге дайындығы туралы мәлімдеді. Сондай-ақ Ж. Кардозу екі елдің ғылыми қауымдастықтары арасындағы ғылыми жаңалықтармен алмасу қазіргі заманның өзекті сын-тегеуріндеріне жауап ретінде маңыздылығы мен қажеттілігін алдын ала айқындайтынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Лиссабон ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға дайындық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама: Лиссабон ғылым академиясы (Academia das Ciências de Lisboa) – Португалияның жоғары ғылыми мекемесі, оның негізгі мақсаты ғылыми зерттеулерді ынталандыру және португал мәдениетін тарату болып табылады.