«Astana Mining & Metallurgy Congress» 13-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында «Тау-кен өнеркәсібінің тұрақты дамуы және тиімділігін арттыру» тақырыбында қазақстандық-швед дөңгелек үстелі өтті. Қазақстан мен Швеция елшіліктері, «Business Sweden» ұйымы және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен ұйымдастырылған шараға 100-ден астам адам жиналды.
Швед делегациясының құрамында «ABB», «Alfa Laval», «Volvo», «Epiroc», «Olofsors», «Sandvik», «SSAB» және т.б. ірі тау-кен өндіруші компаниялары кірді. Бұл компаниялар тау-кен өнеркәсібіндегі энергия тиімділігі, автоматтандыру, қауіпсіздік және цифрландырудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
Іс-шараны Қазақстанның Швециядағы Елшілігінің кеңесшісі Сейіт Нұрпейісов пен Швецияның Қазақстандағы Елшісі Ева Пулано ашты. Спикерлер екіжақты қарым-қатынастарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталып, екі елдің іскер топтарын бірлескен жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Еуропа елдерімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Анара Мекебаева Қазақстан шетелдік компаниялар үшін кең келешегі бар тартымды инвестициялық алаң екенін атап өтті. Ол елге инвесторларды тарту және табысты қызметін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып шықты.
«Қазақстан пайдалы қазбаларды өндіру мен игерудегі әлеуеті зор мемлкеттерінің бірі. Біз әлеуетті швед инвесторларын геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жаңа кен орындарын ашу, өндірістік қуаттарды оқшаулау және тәжірибе мен технологиялармен алмасу бойынша ынтымақтастыққа шақыруға қуаныштымыз», – деді А. Мекебаева.
Дөңгелек үстел барысында тау-кен өнеркәсібінің тұрақты дамуы мен тиімділігін арттырудың түрлі аспектілері талқыланды. Швед компанияларының өкілдері озық инновациялар, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға көмектесетін жасыл шешімдер саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар швед компаниялары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология комитетінің, «Таукен-Самұрық «ҰК» АҚ, «Қазгеология» АҚ-ның мемлекеттік геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасын молайту, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және басқа да салалық бағыттардағы қызметімен егжей-тегжейлі танысты.
Дөңгелек үстел Қазақстан мен Швецияның іскер топтар өкілдері арасында байланыс орнату және іскерлік қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Анықтама: Швеция – Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды серіктесі. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған елдер арасында бірқатар үкіметаралық келісімдер бар. Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 325,9 млн АҚШ долларын (экспорт – 96,1 млн АҚШ доллары, импорт – 229,8 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (230,1 млн АҚШ доллары) 41,7%-ға артық. ҚР Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес 2005-2022 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына швед тікелей инвестицияның жалпы ағыны 556,3 млн АҚШ долларын құрады.