Жарияланды: 02.06.2023

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің бірлескен баспасөз-коммюникесі

2023 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов (Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Нұрмұхаммет Аманнепесов тұлғасында) және Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель Шолпан-Атада жоғары деңгейдегі екінші өңірлік кездесудің өткізілуін құптады.

Ашық және сындарлы кездесу барысында қатысушылар өткен жылғы Астана қаласындағы инаугурациялық кездесуден кейін Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты және өзара тиімді ынтымақтастықты қарастырды, сондай-ақ халықаралық оқиғалар тұрғысында Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы қатынастарды талқылады. Олар Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыруға және Орталық Азияның өркендеуі мен қауіпсіздігінің ортақ мақсаты үшін Тараптар арасында айқындалған басым бағыттарға сәйкес Еуропалық Одақ – Орталық Азия әріптестігін дамытуға өз бейілдігін растады.

Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастарды одан әрі институциоландыруды қолдау жолында жоғары деңгейдегі қолда бар және жаңа платформалардың қосқан үлесіне қошемет білдірді. Қатысушылар Еуропалық Одақ – Орталық Азия арасындағы соңғы диалогтар мен платформалардың, атап айтқанда, 2023 жылғы 18-19 мамырда Алматы қаласында өткен Еуропалық Одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форумының, 2023 жылғы 10 наурызда Ташкент қаласында өткен Азаматтық қоғам форумының, 2023 жылғы 23-24 ақпанда Римде өткен қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Одақ – Орталық Азия жоғары деңгейдегі 7-ші конференциясының, 2022 жылғы 18-19 қарашада Самарқандта өткен Еуропалық Одақ – Орталық Азия өзара байланыс жөніндегі Еуропалық Одақ – Орталық Азия конференцияларының және Министрлік кездесуінің оң нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді. Қатысушылар келесі министрлік кездесуінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» Жол картасын қабылдауға ниет білдірді. Олар өзара құрмет пен өзара қолдау негізінде өршіл ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Көшбасшылар БҰҰ Жарғысын, атап айтқанда, тәуелсіздікті, егемендікті, барлық елдердің аумақтық тұтастығын құрметтеу, күш қолданбау немесе оны қолдану қаупін болдырмау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен реттеу қағидаттарын сақтауға мызғымас бейілдігін білдірді.

Қатысушылар Ауғанстандағы ахуалдың нашарлауына жалпы алаңдаушылық білдіріп, Ауғанстанды қауіпсіз, бейбіт, тұрақты, өсіп-өркендеген елге айналдыруға деген өз бейілдігін растады. Осыған байланысты олар халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстан халқына күрделі жағдайларға қарамастан түбегейлі негізде және халықаралық құқық пен жалпыға бірдей танылған нормалар мен қағидаттарға сәйкес көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін мойындады. Қатысушылар халықаралық қоғамдастықты Ауғанстан халқына гуманитарлық көмекті жандандыруға шақырды және БҰҰ-ның Ауғанстанға түбегейлі негізде гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты шешуші рөлін атап өтті. Олар инклюзивті және өкілді үкімет құрудың маңыздылығын, сондай-ақ Ауғанстанның барлық азаматтарының, әсіресе әйелдердің, қыздардың және этностық топтардың адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеудің және құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Осы орайда олар 25-26 мамырда Ашхабадта өткен Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдері мен арнайы елшілерінің төртінші кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, Ауғанстан бойынша Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы Ауғанстан бойынша диалогтың маңыздылығын баса айтты.

Олар терроризм мен экстремизмге жария үндеулер мен арандатуларға жол бермеу қажеттігін атап көрсетті, Интернет арқылы терроризм мен оның идеологиясының таралуын насихаттауға қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді белсендіруді жақтады. Осыған байланысты Көшбасшылар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің террористік, сепаратистік және экстремистік идеологиялардың, оның ішінде Интернет желісі арқылы, таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті қарарларын дәйекті түрде іске асыруға шақырды.

Көшбасшылар Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі стратегиясында атап өтілген  және әмбебап қағидаттарға сәйкес ескі, жаңа және туындайтын сын-қатерлер бойынша Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Көшбасшылар өздерінің сыртқы істер министрлеріне және Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі Жозеп Боррельге Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен Жол картасын ресімдеуді және іске асыруды ілгерілетуді тапсырды.

Олар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жұмысқа бірлескен бейілдіктерін растады және осыған байланысты Еуропалық Одақтың 2019 жылғы Орталық Азияға арналған стратегиясы шеңберінде атап көрсетілгендей, құқық үстемдігін, демократияны, тиісті басқаруды, гендерлік теңдік пен жалпыға бірдей адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды нығайту үшін алдағы ынтымақтастықтың маңыздылығын баса айтты.

Көшбасшылар «Global Gateway» стратегиясына сәйкес әртараптандыру және тұрақты өзара байланыс саласындағы мақсаттарға қол жеткізу бойынша күш-жігердің бұрынғыдай бірінші кезектегі мәнге ие екендігіне келісті. Осы тұрғыда қатысушылар Самарқандта өткен өзара байланыс жөніндегі Еуропалық Одақ – Орталық Азия конференциясының оң нәтижелерін құптады, онда Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда және энергиямен жабдықтаудың баламалы бағыттарын дамытуда, тұрақты және қауіпсіз цифрландыру мен цифрлық егемендікті кеңейтуде, көлік байланыстарын жетілдіруде, жасыл, тұрақты, климаттық және экологиялық достық экономика мен электрондық коммерцияға көшуде Орталық Азия өңірі ішінде де, Еуропа мен Орталық Азия арасында да ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі және дайын екенін білдірді. Осы тұрғыда олар жеке сектор мен Еуропалық қаржы институттарының қатысуымен су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі, сондай-ақ цифрлық байланыс саласындағы «Team Europe» жаңа бастамаларын құптап, олардың тез іске асырылуына үміт білдірді. Көшбасшылар Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс жөніндегі зерттеуін құптады және соңғы есептің жариялануын күтеді. Сонымен қатар, Еуропалық Кеңестің Президенті Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының соңғы консультативтік кездесуінде талқыланған Орталық Азиядағы жасыл энергияға көшу, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес туралы ой-пікірлерді жоғары бағалады.

Көшбасшылар барлық тараптардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету үшін өзара сауда және инвестициялық тетіктерді одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Олар сондай-ақ Еуропалық Одақтың санкциялық режимі аясында тығыз диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Қатысушылар Париж келісімі шеңберінде тараптардың міндеттемелерін толық және тиімді іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды нығайтуға өздерінің мүдделілігін растады. Олар Тәжікстан мен Нидерландтың бірлескен төрағалығымен өткен БҰҰ-ның 2023 жылғы Нью-Йорктегі Су конференциясының қорытындыларын құптады және Су мәселелері жөніндегі іс-қимылдың күн тәртібі бойынша бірлесіп жұмыс істеуге құлшыныстарын растады. Су Орталық Азия халықтарының бейбітшілігі мен әл-ауқаты үшін маңызды ресурстардың бірі болып табылатынын атай отырып, олар суды орнықты пайдалану бойынша жалпы шешім табу үшін өңір елдері мен халықтарының мүдделерін ескеру қажет екендігін мойындады.

Көшбасшылар Орталық Азиядағы су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу, сондай-ақ Орталық Азиядағы қоршаған орта мен биоәртүрлілікті сақтау салаларындағы инновациялық, өзара тиімді және ашық су-энергетикалық ынтымақтастықты іске асыру үшін Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары деңгейдегі диалог пен өңіраралық ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін растады және өңірлік ынтымақтастықтың практикалық шараларын күшейтуге және нығайтуға шақырды. Осы тұрғыда, Еуропалық Кеңестің Президенті Еуропалық Одақтың жоғарыда аталған салалардағы оң тәжірибесімен бөлісуге дайындығын растады.

Қатысушылар Арал апатының өңірлік қауіпсіздікке теріс әсерін атап өтіп, мәселені еңсерудің неғұрлым қолайлы жолдарын іздеу бойынша бірлескен күш-жігерді белсендіру қажеттігін баса айтты.

Олар Еуропа мен Орталық Азиядағы адамдар, әсіресе, жастар арасындағы байланыстарды, оның ішінде жоғары білім, мәдениет және туризм арқылы  кеңейту үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын растады. Көшбасшылар сыртқы істер министрлерін Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен жол картасы шеңберінде осы бастамаларды әрі қарай дамытуға шақырды. Олар талдау орталықтары мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап көрсетті, сондай-ақ Орталық Азия дипломаттарын, оның ішінде Еуропалық Одақта бірлесіп оқыту мүмкіндіктерін талқылады.

Еуропалық Кеңестің Президенті өңірдегі өсіп-өркендеуді, бейбітшілікті, орнықты дамуды, тату көршілікті, сенім мен достықты қамтамасыз етуге бағытталған Орталық Азия елдерінің күш-жігерін қолдады және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды құптады және Тәжікстан Республикасында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы бесінші консультативтік кездесуінің нәтижелерін күтеді.

Еуропалық Кеңестің Президенті өңірдегі әлеуметтік-экономикалық және демократиялық реформалар бойынша жалғасып жатқан күш-жігерді, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың маңызды негізі ретінде өңірлік өзара іс-қимылдың оң нәтижелерін құптады. Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толуына орай, ол ХАҚҚ-ты Арал апатынан зардап шеккен аудандардағы экологиялық жағдайды жақсарту және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жолында атқарылған маңызды жұмыстарымен құттықтады.

Қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуін өткізгені үшін Қырғызстанға терең ризашылықтарын білдірді.

Көшбасшылар келесі кездесуді алдағы жылы бірінші саммит форматында өткізуге ниет білдіріп, тұрақты түрде кездесуге келісті. Өзбек тарапы кездесуді Өзбекстанда өткізуді ұсынды.

187 қаралым