Жарияланды: 06.06.2023

Қазақстан БҰҰ-ның қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде кезекті жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Бұл іс-шара Нью-Йорктегі дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдардың өкілдері және жергілікті тұрғындар үшін маңызды мәдени оқиға болып табылады. Аталған іс-шара дәстүрлі түрде БҰҰ Бас хатшысы жұбайының қамқорлығындағы «БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілері мен дипломаттар жұбайларының клубы» атты әйелдер қауымдастығымен ұйымдастырылады. Ашылу салтанатында БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының төрағасы Чаба Кёрёши құттықтау сөз сөйледі.

Шараға қатысушылар мен қонақтар жәрмеңкеде ұсынылған барлық елдердің мәдениетімен, дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен танысуға мүмкіндік алды. Музыканттардың, бишілердің, соның ішінде қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

БҰҰ-ның қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға және өткізуге Қазақстанның Тұрақты өкілдігі де қатысты. Қонақтарға ұлттық мәдениет элементтері – қолөнер үлгілері, дәстүрлі халық киімдері, тұрмыстық бұйымдар, кәдесыйлар, сондай-ақ Қазақстан туралы танымдық кітаптар көрсетілген қазақстандық стенд ұсынылды. «Асыл-мұра» (тігін цехы), «Бір ауыл – бір өнім» (жергілікті өндіріс) және «Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы» сияқты әлеуметтік жобалар аясында қазақстандық кәсіпкер әйелдердің қолынан жасалған бұйымдар жұртшылық арасында ерекше қызығушылық пен сұранысқа ие болды.

Жиналған барлық қаражат БҰҰ жобалары аясындағы қайырымдылық шараларына бағытталады.

123 қаралым