Жарияланды: 06.06.2023

Қазақстан СІМ-де ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрайымымен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанға ресми сапарымен келген және Астана халықаралық форумына қатысатын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрайымы Маргарета Седерфельтпен кездесу өткізді.

Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібі тұрғысынан Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, Ұйым кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру мақсатында өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сұхбаттастар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жанындағы Қазақстан делегациясының жемісті жұмысын, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын және парламенттік дипломатияның диалог пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған рөлін атап өтті. М. Седерфельт «диалогсыз келісімге келу және бар қақтығыстарды шешу мүмкін емес» екенін айтты.

Қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық контекстінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына тоқтай келе, Қазақстанның сыртқы мен ішкі саясатының негізгі бағыттарымен қысқаша таныстырды. Осы тұрғыда Р. Василенко ү.ж. наурыз айында өткен парламенттік сайлауды бақылауға қатысқаны үшін М. Седерфельтке тағы да алғысын білдіріп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үмітті екенін білдірді.

ЕҚЫҰ ПА Төрайымы Астана халықаралық форумында сөз сөйлеуге шақырғаны үшін алғысын білдіріп, осы платформаның ЕҚЫҰ қоғамдастығының барлық елдерін толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін зор әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ М. Седерфельт елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалап, Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылықты және ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін тоқталып өтті.

Қорытындылай келе, тараптар Парламенттік Ассамблея мен жалпы ЕҚЫҰ шеңберінде белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

196 қаралым