2023 жылғы 5 маусым күні Душанбе қаласында Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ХАҚҚ басқарма мүшелері – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты.
Отырыс барысында ХАҚҚ-тың құрылғанына 30 жыл толуына дайындық және мерекелеу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын, Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын (АТББ-4) іске асыру, ХАҚҚ-тың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі су ресурстарын есепке алу және мониторингілеуге арналған заманауи жабдықтарды енгізу, сондай-ақ БҰҰ Су конференциясының қорытындылары (2023 жылғы 22-24 наурыз, Нью-Йорк) қаралды.
Сонымен қатар 2023 жылғы 6 маусымда ХАҚҚ басқарма мүшелері Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығына арналған «Орталық Азия: күшті аймақтық институт арқылы орнықты болашақ жолында» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Қазақстандық делегацияның басшысы өз сөзінде су-энергетика саласындағы ынтымақтастық, тұрақты даму мәселелері бойынша өңірлік өзара іс-қимылдың күшеюін және Қазақстан Республикасының ХАҚҚ әлеуетін одан әрі нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Орталық Азия елдерінің су-энергетика мәселелері бойынша өзара тәуелділігін ескере отырып, Роман Скляр су, энергетика, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін ХАҚҚ базасында су-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың өзара тиімді механизмін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Конференцияға қатысушыларды Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін күш біріктіруге шақырды.
Сол күні Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Тәжікстан басшысы жиынға қатысушыларды қарсы алып, Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығымен құттықтады.
Қордың 30 жылдық кезеңі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелердің күрделі кешенін шешуге арналған бірлестік ретінде өзінің өзектілігін айқын көрсеткені атап өтілді. Сондай-ақ Қордың практикалық қызметі арқылы маңызды мәселелер және біздің өңірдің көптеген экологиялық, әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілді.