Жарияланды: 09.06.2023

Түркістанда 16-28 маусым аралығында Халықаралық өнер фестивалі өтеді

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, 16-28 маусым аралығында облыс орталығында АРТ Түркістан халықаралық өнер фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов мәлім етті.

Мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған фестиваль облыстық Бейнелеу өнері музейі және облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Спикердің мәлімдеуінше, фестивальға еліміздің 12 үздік қылқалам шебері қатысады. Олардың туындылары арнайы көрмеге қойылып, кескіндемелік еңбектері кеңірек таныстырылады.

– Фестиваль аясында Түркістан тарихы мен шежірелі өңірдің табиғаты, құндылықтары көркемсурет арқылы паш етілмек. Ауқымды шараға Қазақстанның бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар үздік суретшілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұмақын Қайрамбаев, Ерлан Айтуаров, Өсербай Шоранов, Сейсенхан Махамбетов, Қазақбай Әжібеков сынды өнер майталмандары, жас буын өкілдері қатысады, — деді музей директоры.

Брифингте белгілі болғандай, аталған музей өз қорында сақтаулы Батыс және Шығыс Еуропа суретшілерінің туындыларын кең аудиторияға ұсыну мақсатында шетелдік өнертанушылардың сараптамасынан өткізуді көздеп отыр. Бұл ретте, Түркиядан А.Чалышқан, Ресейден И.Бородин, Н.Колесников, А.Блиок, Қырғызстаннан Ю.Шигаев, Әзірбайжаннан Ә Меликова, Қарақалпақстаннан И.Петрушина, Қазақстаннан Ж.Берістен, Д.Нөгер сынды танымал суретші-сарапшыларды шақырылған.

Айта кестек, АРТ Түркістан фестивалі 210 сақтау бірлігін құрайтын сараптамадан өткен музейлік заттардан тұратын көркемөнер көрмесінің таныстырылымымен қорытындыланады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

111 қаралым