Кездесу Сочи қаласында (РФ) Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында өтті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан мен Куба екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және тереңдетуге ниетті. Атап айтқанда, бұған Кубадағы дипломатиялық миссиясының толыққанды елшілікке айналғаны дәлел.
«Екі ел арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны жақсы. Осыған байланысты біз өзара сауда-экономикалық іс-қимылдың басым бағыттарын және келешектегі бірлескен жобаларды айқындау бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жөн көреміз», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр екі елдің фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуда әлеуеті зор екенін айтты. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстан мен Кубаның тиісті компаниялары арасында өзара іс-қимыл белгілі бір деңгейде жолға қойылған.
«Бұл болашақта нақты нәтижелерге әкеледі деп үміттенеміз», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Қазақстан мен Куба арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейтудің маңызын атап өтіп, екі ел азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімді талқылауды ұсынды.
Мануэль Марреро Крус өз тарапынан Кубаның Қазақстанмен экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.
«Денсаулық сақтау саласы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті бар салаларының бірі. Мұнда біз фармацевтика және биотехнология өнеркәсібі, медициналық қызметтер, академиялық алмасу туралы айтып отырмыз. Біз дамыта алатын осы салаға қатысты әртүрлі бағыттар бар», — деді Мануэль Марреро Крус.
Оған қоса Куба Премьер-Министрі металлургия және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, Мануэль Марреро Крус ҚР Премьер-Министрін ыңғайлы уақытта Кубаға жұмыс сапарымен келіп қайтуға шақырды.