Жарияланды: 10.06.2023

Қазақстандық мамандар Мажарстанның ауылдық аумақтарын дамытудың озық тәжірибесін зерделеді

Қазақстандық делегация БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Қазақстанда қосылған құнның азық-түлік тізбегін дамыту үшін шағын шаруашылықтарды инвестициялық қолдау» жобасы шеңберінде ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тәжірибені зерделеу мақсатында Мажарстанға барып, қауымдастықтарды кешенді дамыту бойынша Үшінші өңірлік семинарға қатысты.

Делегация құрамында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Нуржан Әшімбетов, сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Фермерлер қауымдастығының, Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының және Экономикалық зерттеулер институтының өкілдері болды.

Мажарстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мемлекеттік жиналысының Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде кездесулер өтіп, қазақстандық сарапшылар ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту және көтермелеу, кооперациялық процестерді жетілдіру және мемлекеттік қызметтерге, сондай-ақ ауылдық жерлерде өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділікті жақсарту жөніндегі құралдарымен танысты.

Сапар аясында қазақстандық делегация Мажарстандағы ауылдық аумақтарды және ауылдық туризмді дамыту стратегиясымен танысу мақсатымен бірнеше өңірлерге барып келіп, оның барысында бірқатар өндірістік шаруашылықтарды аралады, сонадай-ақ ауылды дамытудағы жергілікті азық-түлік жүйелері мен жастардың рөлі туралы семинарына қатысты.

Сонымен қатар қазақстандық делегация ФАО-ның Еуропа мен Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігі мен ФАО-ның ҚР-дағы байланыстар және әріптестік бюросымен бірлесіп ұйымдастырған жалпыұлттық және жергілікті деңгейлердегі қауымдастықтарды кешенді дамыту жөніндегі Үшінші өңірлік семинардың жұмысына қатысты.

Аталған семинар ФАО-ның Еуропа мен Орталық Азиядағы қауымдастықтар мен аумақтық тәсілдерді кешенді дамыту саласындағы озық тәжірибелер туралы зерттеулерінің негізгі нәтижелерін талқылауға және ұсынуға арналған алаңына айналды. Бұл семинар Еуропалық одаққа кірмейтін елдер үшін ЕО-ның «LEADER» тәсілін қоса алғанда, практикалық тәжірибемен және ауылды дамытудың әртүрлі тәсілдерімен алмасуға ықпал етті.

102 қаралым