Болгар ғылым академиясының Экономикалық зерттеулер институтында 2023 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанның елордасында «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбымен өткен Астана халықаралық форумының қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Институт басшылығы, сарапшылар қоғамдастығының, ғылыми және академиялық топтардың, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қазақстан достары клубының мүшелері және басқалар қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев геосаяси шиеленістің артуына және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты туындаған сын-қатерлерге шоғырландырылған жауаптар іздеу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру мақсатында өткен АХФ-ның негізгі қорытындылары туралы айтты.
Қазақстандық дипломат: «АХФ диалог алаңы бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдай кезінде белсенді өзара іс-қимылға ықпал етіп, пікір және тәжірибе алмасу үшін әлемдік жетекші сарапшыларды жинауға мүмкіндік берді. Ортақ мәселелерімізге, уайымдарымыз бен үміттерімізге қатысты шынайы көзқараспен қарай отырып, тек кездесу, кеңес беру арқылы халықаралық қауымдастық бұл мәселелерді шеше алады – бұл өткен форумның негізгі миссиясы болды», – деп қорытындылады.
Дөңгелек үстел барысында ірі ақпараттық холдинг – Болгар телеграф агенттігінің тілшісі С. Стамбольски өзінің АХФ жұмысына қатысудан алған әсерлерімен бөлісті. Оның бағалауынша, АХФ әлемдік қоғамдастық пен жетекші халықаралық БАҚ тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, бұл шетелдік делегаттардың жоғары деңгейімен және панельдік сессияларға белсенді қатысуымен расталады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның сыртқы саясатындағы көпжақты тәсілді, Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы белсенді «байланыстырушы буын» рөлін және бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін Астананың күш-жігерін жоғары бағалады. Олардың пікірінше, қазіргі геосаяси шиеленісте АХФ алаңы әлемдік қоғамдастыққа өзара ынтымақтастық рухындағы диалог арқылы сын-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлескен шараларды қарастыруға және талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында сарапшылар Астана мен София арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың үдемелі сипатын атап өтіп, мемлекетаралық ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейі мен перспективаларын жоғары бағалады.