Люблянадағы Президент сарайында Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Әлібек Бақаев Словения Президенті Наташа Пирц Мусарға сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Ә. Бақаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Словения Президентіне жолдаған жылы лебіздерін жеткізіп, еліміздің Словениямен ынтымақтастықты, сауда-экономикалық және транзит-көліктік салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендігін білдірді. Елші Словения Президентін еліміздегі жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен және Астана халықаралық форумының қорытындыларымен таныстырды.
Өз кезегінде, Н. Пирц Мусар жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып, Словения Қазақстанды сенімді әріптесі ретінде қарастыратынын және Люблянаның тығыз ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.
Кездесу соңында Словения Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тілеп, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевқа жылы тілектерін жолдады.
Словенияға іс-сапары барысында Ә. Бақаев Словения Ұлттық Ассамблеясының (Парламент) Төрайымы Уршка Клакочар Зупанчичпен, Словенияның Сыртқы және еуропалық істер министрлігі, Экономика, туризм және спорт министрлігі, Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.