Жарияланды: 17.06.2023

Іскерлік әріптестік – Қазақстан мен Польша ынтымақтастығын дамытудың басты қозғаушы күші

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Польшаның Даму және технологиялар бірінші вице-министрі Гжегож Пеховяктың төрағалығымен Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 9-шы отырысы өтті.

Үкіметаралық комиссияның жұмысына екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібі өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды, оның ішінде шағын және орта бизнес, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, фармацевтика, қаржы, білім беру және туризм салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелерін қамтыды.

Тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты тауар айналымының жоғары өсімін қанағаттанушылықпен атап өтті. Оның көлемі 2022 жылы 1,4 млрд АҚШ долларын құрады (өсуі 80%). 2023 жылдың алғашқы 4 айында оның көлемі 430 млн АҚШ долларынан асты.

Осы орайда Польша ҮАК тең төрағасы Г. Пеховяк Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі екенін айтып, поляк тарапының елімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға деген көзқарасын атап өтті.

Өз кезегінде Р. Василенко мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларды қолдау құралдары туралы хабардар етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға барлық шетелдік әріптестерден тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл ретте Польшадан 2022 жылы 75 млн АҚШ доллары, ал 2005 жылдан бері 350 млн АҚШ доллары тартылған. Қазақстанда поляк қатысуымен 100-ден астам компания жұмыс істейді, оның ішінде «Polpharma», «Selena» және т.б.

Батыстың санкциялық саясатының Қазақстан экономикасына жанама әсері және оның осы мәселе бойынша шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Польшаның Еуропалық одаққа мүшелігін ескере отырып, тараптар Астана мен Брюссель арасындағы Еуропаға сапар шегетін Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді жедел бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға өзара мүдделілікті растай отырып, тараптар басым бірлескен іскерлік жобалардың тізімін өзектендірді және экономиканың нақты салаларында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту уағдаластығына қол жеткізді. Іс-шараның нәтижесінде Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясы отырысының Хаттамасына қол қойылды.

ҮАК отырысы қарсаңында (15 маусым) Варшавада екі елдің іскер топтарының 250-ден астам өкілдерінің қатысуымен «Польша-Қазақстан» бизнес-форумы өтті. Форум барысында еліміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылды, бірқатар салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды, соның ішінде ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, химия өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрландыру және т.б.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша екі елдің коммерциялық субъектілері арасында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Польшаның «SENEKA POLAND» компаниясы арасындағы Қазақстанда балық азығын өндіретін екі зауыт салу туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның құны 100 млн еуроны құрайды.

Сапар аясында ҚР Сыртқы істер министрі орынбасарының Польша Президенті жанындағы Халықаралық саясат бюросының басшысы Марчин Пшидачпен және Польша Сыртқы істер вице-министрі Павел Яблонскиймен екіжақты кездесулері өткізілді. Екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы одан әрі практикалық өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Польшаның жетекші аналитикалық топтары өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелде» Р. Василенко жақында өткен Астана халықаралық форумының қорытындыларын және Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын іске асырудың негізгі бағыттарын ұсынды. Варшавадағы іс-шарада екі елдің ғылыми-зерттеу институттары желісі бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік білдірілді.

Сонымен қатар Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясындағы поляк делегациясы төрағасының орынбасары, ЕКПА-дағы «Еуропалық халықтық партиясы» саяси тобының жетекшісі, ЕКПА мен Қазақстан ынтымақтастық жөніндегі баяндамашысы болып табылатын Польша сенаторы Александр Почеймен кездесу өтті. Кездесу барысында парламентарий Қазақстандағы институционалдық реформаларға қолдау білдірді.

Бұл тақырып ҚР Сыртқы істер министрі орынбасарының ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директоры Маттео Мекаччимен кездесуінде талқыланды, оның барысында ол Қазақстан Президенті мен Үкіметінің елдегі азаматтық қоғам институттарын нығайту жөніндегі дәйекті шараларымен танысты. ДИАҚБ басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ қағидаттары мен құндылықтарына, оның ішінде гуманитарлық өлшемдегі берік ұстанымы үшін ризашылығын білдірді. Осыған байланысты ол Бюроның Қазақстанның саяси жаңғыруы жөніндегі күш-жігерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

127 қаралым