Жарияланды: 17.06.2023

Брюссельде сарапшылар мен дипломаттар «Орталық Азия — Еуроодақ» форматындағы ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстанның рөлін талқылады

ЕО астанасында «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың динамикасы мен перспективалары және Астананың осы процеске қосатын үлесі туралы пікірталас өтті.

«ЕО Орталық Азиядағы күн тәртібін қалай ілгерілетуде? Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастықтағы рөлі» тақырыбындағы конференция Брюссельдің еуропалық институттары мен сарапшылар қауымдастығының өңірге деген ұлғайып келе жатқан қызығушылығына және оның жалпы энергетикалық, көліктік-логистикалық және климаттық сын-қатерлерді шешудегі әлеуетіне жауап ретінде ЕУРАКТИВ жалпыеуропалық жетекші ақпараттық агенттігінің алаңында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Еуропалық комиссияның Халықаралық әріптестік Бас директоратының Орталық Азия бойынша директоры Питерис Устубс, Азиялық зерттеулер еуропалық институтының директоры Лин Гетельс, «Еуропа – Өзбекстан» экономикалық ынтымақтастық қауымдастығының Бас хатшысы Ойбек Шайхов, Гент университетінің халықаралық және Еуропалық зерттеулер институтының профессоры Фабиен Боссюйт және Қазақстанның ЕО жанындағы өкілдігінің кеңесші-уәкілі Тимур Сұлтанғожин сөз сөйледі.

Пікірсайыс модераторы, журналист Георги Готев 2023 жылғы 8-9 маусымда «Астана» халықаралық форумына қатысудан алған әсерлерімен бөлісуден бастады. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азиядағы климаттың жаһандық өзгеруіне байланысты ауаның орташа жылдық температурасының кемінде 2 градусқа ұлғаюы перспективасына және оның өңір елдерінің экологиясына әкелетін ауыр зардабына қатысты алаңдаушылығын атап өтті. Мұндай сын-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығы аталды.

Конференцияға қатысушылар соңғы уақытта Орталық Азия мен ЕО елдері бірқатар бағыттар бойынша өзара іс-қимылды айтарлықтай жандандырғанын, бұл аса жоғары және жоғары деңгейдегі саяси диалогтың оң динамикасында көрініс тапқанын тілге тиек етті.

П.Устубс ЕО мен Орталық Азия елдерінің көлік, «жасыл» және энергетикалық өзара байланыс мәселелерін қамтитын қарым-қатынастарының кешенді, «көп қырлы» сипатын, сондай-ақ өңірішілік ынтымақтастықтың маңызды рөлі мен және өңір алдында тұрған сын-қатерлерді шешу үшін инновациялық тәсілдер мен технологиялардың қажеттілігін атап өтті. Спикердің айтуынша, ЕО мен Қазақстанның аса маңызды шикізат материалдарын әзірлеу саласындағы серпінді ынтымақтастығы, сондай-ақ қазақстандықтардың ЕО-ға сапарларының визалық режимін жеңілдету бойынша жарияланған консультациялар Орталық Азияның қалған елдерімен де диалогты кеңейту үшін мүмкіндіктер ашады.

ЕО, өңір елдерінің басқа да әлеуетті серіктестері секілді, Орталық Азияда өзінің мүдделерін көздейді және оларды өңір елдерінің саясатын ескере отырып ілгерілетуі керек, — дейді Л.Гетельс. Еуропа үшін де өзекті климаттың өзгеруі тақырыбы аясында ол Қазақстанның 2030 жылға дейін елдің энергия теңгерімінде жаңартылатын энергия үлесін 15%-ға дейін өсіру ұмтылысын атай келе бұл Еуроодақтың түрлі бағдарламалары, оның ішінде «Global Gateway» (жаһандық қақпа) шеңберінде ынтымақтастық әлеуетіне жол ашатынын айтты.

Ф.Боссюйттің пікірінше, Орталық Азия елдері әлеуетті серіктестермен қарым-қатынаста өз мүдделерін прагматикалық түрде қорғайды және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту олардың сыртқы саясатында маңызды орын алады. Тараптардың көпсалалы өзара іс-қимылының әлеуетін тиімді іске асыру үшін ол ЕО-ны өңір елдерімен одан әрі жақындасу жолдарын қарастыруға шақырды. Мысалы, визалық режимді жеңілдету жаңа серпін берер еді.

О.Шойхов ЕО мен өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жеке бизнесті белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай қадам саяси диалогтың практикалық тиімділігін ұлғайтуға көмектеседі.

 «Қазақстан Транскаспий бағытының көлік инфрақұрылымын белсенді дамытуда және ЕО-ға дайын өнім экспортын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстың нәтижелері өңіраралық әріптестікті ілгерілетуге және оны одан әрі кеңейтуге оң әсер етеді», — деп атап өтті Т.Сұлтанғожин.

Ол бірлескен білім беру, ғылыми бағдарламаларды дамыту және өзара сапарлардың визалық режимін оңайлату арқылы ЕО және Орталық Азия елдері арасындағы адами байланыстарды арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «кедергілер азайған сайын, байланыстар арта бермек». Бұл қағидат технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға және ЕО мен өңір арасындағы сауда және инвестициялық алмасуда шағын және орта бизнестің үлесін кеңейтуге ықпал етуі тиіс.

Талқылауға қатысушылар мен тыңдаушылардың пікірінше, ол ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарын, сондай-ақ оларды өзекті өңірлік және геосаяси үрдістер контекстінде одан әрі іске асыру перспективаларын мазмұнды талқылауға мүмкіндік берді.

107 қаралым