Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы Өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан «Сирия мен аймақтың болашағына қолдау көрсету» атты VII Брюссельдік халықаралық конференцияға қатысып, еліміздің қалыптасқан жағдайға қатысты ұстанымын таныстырумен қатар еліміз тарапынан көрсетілген гуманитарлық көмек туралы баяндады.
Еуроодақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы бірлесіп ұйымдастырған конференцияға 60-қа жуық мемлекет пен 20-дан астам халықаралық ұйымдар қатысып, 13 жыл бойы қарулы қақтығыс жүріп жатқан Сирия және босқындарға көмек көрсетіп отырған көрші елдерге гуманитарлық қолдау көрсетудің жолдарын талқылады.
Конференцияны ашқан Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғары өкілі Жозеп Боррелл Сирия халқының қазіргі жағдайымен келісудің мүмкін еместігін атап, халықаралық қауымдастықтың міндеті жанжалды шешу үшін оң жұмыс жолдарын табу болуы керек деген мәлімдеме жасады. «Біздің бүгінгі міндетіміз – үміт әкелу. Кем дегенде қандай да бір үміт, ең болмағанда қандай да бір жеңілдік», - деп атады ол.
Елші М. Баймұхан халықаралық қауымдастықтың БҰҰ-ның түрлі құрылымдық бөлімшелері арқылы көрсетіліп отырған гуманитарлық көмектің маңыздылығын атап өтіп, Сирия мен көрші елдерге қолдау көрсетудің қосымша тетігі ретінде штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ислам ұйымының мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұл мәселеде Қазақстан донор мемлекеттер және халықаралық қаржы институттарына өз қолдауын көрсетуге дайындығын білдірді.
Конференцияға қатысушылардың көбісі атап өткендей, Сириядағы жағдайдың саяси шешімін табуға ұмтылудың ерекше маңыздылығын алға тартып, отандық дипломат еліміздің Сирия бойынша Астана процессі арқылы зорлық-зомбылықтың азаюына және бір-біріне қас саяси қарсыластардың арасында біртіндеп диалогтың орнауына қол жеткізілгендігін атап өтті.
Конференция нәтижесінде халықаралық қауымдастық 2023 ж. және одан кейінгі жылдарға 5,6 миллиард еуро, оның ішінде 2023 ж. 4,6 миллиард еуро және 2024 ж. және одан кейінгі жылдарға 1 миллиард еуро бөлуге міндеттенді. Уәде етілген қаражат Сирия ішіндегі адамдарға және сириялық босқындарды қабылдайтын көрші елдерді қолдауға жұмсалады. ЕО 3,8 миллиард еуро бөлуге уәде берді, оның ішінде 2,1 миллиард еуро – Еуропалық комиссия және 1,7 миллиард еуро – ЕО-ға мүше мемлекеттер.