Жидда қаласының халықаралық әуежайына 144 адамнан тұратын қазақстандық қажылардың кезекті тобы келді. Оларды Бас консул Руслан Қоспанов бастаған Жиддадағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының дипломаттары қарсы алды. Қазақстандықтардың бірінші тобы ү.ж. 15 маусымда Медина қаласына келді.
Сауд Арабиясы Үкіметінің Қазақстан үшін 2023 жылға бөлген квотаға сәйкес ү.ж. 15 маусым мен 10 шілде аралығында киелі жерлерге 4 мыңға жуық қазақстандық азаматтардың келуі күтілуде. Қажылықтың негізгі рәсімдерін орындау ү.ж. 27 маусымы мен 4 шілдесі аралығында келеді.
Қажылықтың осы маусымында Қазақстанның қажыларын тасымалдауын «SCAT» (Қазақстан), «Turkish Airlines» (Түркия), «Jazeera Airways» (Кувейт) және саудтық «FlyNas» әуекомпаниялары жүзеге асырады. Аталған компаниялардың авиалайнерлері азаматтарымызды Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан ү.ж. 15-23 маусым аралығында алып келіп, оларды 2-10 шілде аралығында елге кері қайтарады.
Қажылық барысында Бас консулдық ерекше режимде жұмыс істейтін болады. Қазақстаннан келген қажыларды қарсы алу және шығарып салу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қалыптастырған қазақстандық қажылық миссиясының өкілдерінің қатысуымен бірге дипломаттардың кезекшілік кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Бас консулдықтың міндетіне қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясында болу кезінде жергілікті билік органдарымен үйлестіру және өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанға уақтылы оралу мәселелері кіреді. Осы мақсатта «Қажылық-2023» маусымына жауапты Сауд Арабиясының үкіметтік және авиациялық билік орындарымен, сондай-ақ Қазақстанның қажылық-миссиясымен байланыс орнатылды.
Жалпы, Бас консулдық қажылар арасында түрлі жұқпалы аурулардың (тұмау, менингит) алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық нормалар, болу елінің заңнамасын, жергілікті дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды құрметтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мекке мен Мәдина қалаларындағы орталық штабтарда ҚМДБ ұйымдастырған стационарлық пункттерде қазақстандық дәрігерлер жергілікті емдеу мекемелерімен бірге қажыларымызға қажет болған жағдайда тәулік бойы тиісті медициналық көмек көрсетеді.
Биылғы жылы Сауд Арабиясы билігі пандемияға байланысты барлық шектеулерді алып тастап, қажыларды жас шектеусіз әлемнің түкпір-түкпірінен шақыру туралы шешім қабылдады. Осы ретте, биыл қажылық жасағандардың саны шамамен 2,6 млн адам құрайды деп күтілуде (2022 жылы – 18-65 жас аралығында 1 млн адам).