Қазақстанда жасалған цемент өнімдері Өзбекстан нарығында жоғары сұранысқа ие. Оны жергілікті сатушылар да растап отыр. Отандық брендтердің арасында Түркістан облысындағы цемент зауыттарының өнімі мол, деп хабарлайды 24. kz. Сатушылардың айтуынша, шағын ғана құрылыс базарынан айына 300 тоннаға дейін біздің елде жасалған өнім сатылады екен. Бұл көрсеткіштің одан да артатын түрі бар. Өйткені Өзбекстанда құрылыс қарқын алған. Оған қоса, алып-сатарлар да бірінші кезекте Қазақстанда жасалған өнімді сұрайды екен. Өзбекстан Республикасы Сыртқы сауда министрлігінің мәліметіне жүгінсек, 2018 жылдың қаңтар және наурыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 543 миллион доллардан асып жығылған. Қазақстан экспорты 55,1%-ға артып, 399 миллион АҚШ долларын құраған. Импорт 25,6%-ға артқан. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында біздің елден Өзбекстанға 265 мың тонна цемент экспортталған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда үш есе артық. «Оған қоса, отандық өнімнің бағасы да қалтаға қонымды», — дейді сатушылар. Қахроман Насиров, сатушы: -Өзбекстанда қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан цемент өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Әсіресе жұрт Қазақстан цементін көбірек сұрайды. Сапасы жақсы. Сауда қатарынан 200-300 тонна цемент сатылса, соның 60-70%-ы Қазақстанда жасалған отандық өнім сатылады. Өзіміздің өзбекстандық цементтердің де сапасы жақты. Өткенде зауыт аздап тоқтап қалған соң шеттен, яғни Қазақстаннан көптеп әкелінді. Арада ешқандай мәселе жоқ. Кедендік жеңілдіктерден кейін кедергісіз келетін болды. Кеден салығы бұрын бағаға әсер ететін. Қазір бағасы да арзан.
Жарияланды: 11.08.2018