Түркістан облысындағы «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы қанатын кеңге жая бастады, деп хабарлайды «Оңтүстік» теларнасы. Заманауи, соңғы технологиялармен жабдықталған отандық кәсіпорын 200 бас ірі қара сыятын тағы бір кешенін іске қосқалы отыр. Ақылды технологияларды өндіріске ендіруде дара шауып, көш бастаған сүт фермасын тағы қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?«Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасында сиырларды сауыншы емес, кәнігі робот сауады. Міне, 6 бірдей сауын станогының алды ұзын — сонар кезек. Қара-ала сиырларды жетелеп жүрген жан көрмедік. Сөйтсек, сенсерлік жүйе желіні толған сиырды ғана құлтемірге жібереді екен. Тіпті, малдың қиын да техника тазалайды. Әр қорада кемі 200 бас сиыр бар. Сенесіз бе? Оған 2-ақ адам бекітілген. Нұрғали Қалыбаев – бас оператор «Мен осы сиырларды қараймын. Компьютермен есеп-қисабын жіберем. Сосын, туған сиырларды компьютерге енгізіп отырамын. Жұмысым осы. 105 мың жалақы аламын». 2016 жылы «Бөрте-Милка» ЖШС-гі Голштин тұқымдас 408 бас Зеңгі баба төлін сатып алған болатын. Қазір мал басы 900-ге жетті. Мажарстаннан импортталған сиырлардың әрқайсысы 30-40 литр сүт береді. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 8 тоннаға жуық сүт өнімін өндіріп отыр. Қайта терең өңделген өнім Түркістан, Алматы облыстарының түкпір түкпіріне тасымалдануда. Бұған цифрлық технология да септігін тигізуде. Абылайхан Әбішев — «Бөрте Милка» ЖШС директорының орынбасары «Қазір төртінші қораны соғып жатырмыз. Өйткені, жылдан жылға өзіміздің сиырлардың басы көбейіп жатыр. Біз қазір малшы жұмысын орындайтын роботтарды Голландия елінің «ЛелиРус» компаниясымен келісімге келіп, алдырттық. Бұл технология малшы жұмысын өзі орындайды. Өзі 40 минут қуат алып, малға жем-шөп береді». Қара ала сиырлар өзге мал сияқты өріске жіберілмейді. Сондықтан, қорада оларға барлық жағдай жасалған. Тіпті, жеке-жеке жатын жерлері де бар. Егер іштегі температура +24 градустан асса, желдеткіш іске қосылады. Қысқасы, фермадағы ірі қараның күтімін толықтай компьютер атқарады. Адам тек бақылаушы ғана…
Н. Әлімбаев