Жарияланды: 12.08.2018

Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп отыр

Түркістандық жас кәсіпкер ерекше жобаны жүзеге асыруда. 22 жасар Исламбек Жандар автокөлікке қажетті түрлі тазартқыштарды, яғни, фильтрлерді шығаруда. Осыдан екі жыл бұрын жай қызығушылықпен іс бастаған жас бүгінде аталған өнімнің 280-нен астам түрін жасаған. Ол ісін дамыту үшін биыл мемлекет тарапынан «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша арнайы грант ұтып алды. Исламбектің негізгі мамандығы — қаржыгер. Бірақ, қаршадайынан бір бұйым құрастыруға ынтық ұл өсе келе осы істі қолына алды. Алдымен, Қытайға барды. Бір жыл қосалқы бөлшектерді құрастыруды үйренді. 2016 жылы қолмен құрастырып, кейін  аспанасты елінен станок алдыртты. Қазір тәулігіне 100 данаға дейін шығарады. Тапсырыс та көп. Бұған дейін ауыр жүк көліктеріне арналған мынандай ауа тазартқыштар біздің нарыққа көрші Қытай және Еуропа елдерінен жеткізілетін еді. Енді Түркістандағы Исламбектің шағын ғана цехында шығарылып жатыр. Ең бастысы, бұл дайын өнімге қажетті шикізаттың 70-80 пайызы — отандық өнім. Тек қажетті қағазы ғана Қытайдан әкелінеді екен. Жас кәсіпкер енді сол дүниені де осында өндіруді жоспарлап отыр. Исламбек Жандар – жас кәсіпкер «Егер бұл мақсаты жүзеге асса, жұмысшы күші де артады. Әзірге жергілікті 8 азамат жұмыспен қамтылған. Соның бірі — Ділмұхаммед Оразымбетов. Ол дайын өнімді құрастырады». Ділмұхаммед Оразымбетов – жұмысшы «Мен өзім бұрын осылай бір нәрсе жасап шығарғанды ұнататын едім. Сөйтіп, осы Исламбектің цехын естіп, осында келіп, жұмысқа орналастым. Бұған дейін біраз жерде жұмыс істедім. Бірақ болмады. Ал, осы жерге келгеніме 1 жылдай болды. Бүгінде үйреніп қалдым. Ең бастысы, отандық өнім шығарып жатқаныма қуанам. Қазір барлығы жақсы. Жалақыны да уақтылы алып отырамыз». Бүгінде Исламбектің цехында бір айда ауа, май және бензин тазартқыштың 280-нен астам түрінен 25 мың данасы шығарылады. Алдағы уақытта оның көлемі еселеп артпақ. Себебі, жас кәсіпкер өңірлік «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2 млн. грант ұтып алыпты. Енді сол қаржыға қосымша жабдықтар сатып алмақшы.  Рауан Бейсейітов – «Ырыс» МҚҰ Түркістан аймақтық филиалының менеджері «Жалпы, Түркістан қаласында жыл басынан бері «Ырыс» қаржы ұйымы арқылы 25 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде автокөлікке қажетті тазартқыштар шығаратын цехтан бөлек, қоқыс қалдықтарын өңдейтін  жоба да бар».

М. Жарылқасын

905 қаралым