Жарияланды: 13.01.2024

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2 КҮН, 2 ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ ЖӨНІНДЕ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингинмен кездесті. Кездесуде Түркістан облысында 2 күн және 2 жел электр станцияларын салу мәселесі талқыланды.

– Біз сіздердің біздің өңірде жалпы қуаты 1 ГВт-тан астам күн және жел электр станцияларын салу бойынша ниеттеріңізді білдірген болатынсыздар. Ол ұсынысты жан-жақты қарап, зерделеп шықтық. Бұл ауқымды жоба болғандықтан, Үкіметке, энергетика саласына жауапты министрлікке тиісті хаттар жолданды. Жұмыс жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асуына мүдделіміз. Бүгін осы жобаны іске асырудың алғашқы қадамы ретінде арнайы меморандум жасалады. Бұл әріптестік алдағы уақытта басқа да бірлескен жобаларды іске асырудың бастамасы болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

«China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингин әріптестік орнатып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді. Бұл электр станциялары Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сонымен бірге экологиялық жағдайды жақсартуға да үлес қосатынын атап өтті.

Аталған компания Түркістан облысының аумағында жалпы қуаты 1,3 ГВт күн және жел энергетикасы нысандары бойынша 4 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Атап айтсақ, Сауран ауданы, Ибаата ауылында қуаты 240 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында қуаты 300 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылында қуаты 300 МВт Жел электр станциясын салу, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылады. Жобаларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.

Электр энергиясын өндіретін 4 нысанды пайдалануға беру арқылы жылына 4 млн. тонна көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және 900 млн. текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы инвестор 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады деп жоспарланған.

Кездесуде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «China Gezhouba Group Overseas Investment CO., LTD» бас директорының орынбасары Ма Йингин арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Келіссөздер сәтті жүзеге асып, жұмыс басталса, электр станцияларының біріншісі 2025 жылы, ал соңғысы 2028 жылы пайдалануға берілмек.

1 533 қаралым