Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің түрік кәсіпкері Джемалеттин Шекермен кездесуінде белгілі болды.
Түркиялық Dal Holding Investment CO. компаниясы жетекшісінің Қазақстандағы орынбасары және бас кеңесшісі болып табылатын Д.Шекермен жүздесуде облыс аймағында, оның ішінде, Түркістан мен Кентау қалаларында құрамдастырылған жылыжай кешенін салу жобасы сөз болып, оны жүзеге асыру жайы айтылды. 200 гектардан астам жерде жылыжай шаруашылығын дамытып, онда өсірілген өнімнің 80 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап қойған инвесторлар қалған көкөністерді ішкі нарықта саудалауды ойлап отыр.
Шетелдік компанияның еліміздегі өкілінің таныстырылымын мұқият тыңдаған аймақ басшысы облыстағы жауапты сала басшыларына тиісті қолдауларды көрсетуді тапсырды. Әсіресе, Жансейіт Қансейітұлы жылыжай кешенін салушылардың көгілдір отын, электр қуаты сынды қажеттіліктерінің тарифін қымбаттатпай, оңтайлы шешіп беруді жүктеді.
Түркиялық Dal Holding Investment CO. компаниясы негізін 1985 жылы Ыстамбұлда қалаған. Дүние жүзі бойынша 2 мыңнан астам қызметкері бар алдыңғы қатарлы инженерлік және өнеркәсіптік топқа жататын серіктестік жоғары тауар айналымымен және үлесімен ерекшеленеді. Компания жоғары технологиялық өнеркәсіптік қондырғыларды жобалау, өндіру және монтаждау сынды жұмыстармен айналысады. Сонымен бірге, өнеркәсіпке қажетті кез келген құрылғыны орнатып береді. Холдинг жұмысын бастаған 33 жыл ішінде цемент, тау-кен өндіру, электромотор саласы, автоматизация, машина жасау және энергетика салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткен.
Айта кету керек, Түркістан облысында бүгінгі таңда 1250 гектардан астам жылыжайлар бар. Оның 50 пайызынан көбі Сарыағаш ауданында орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі