Жарияланды: 23.07.2024

Түркістан облысының агротуризм және экотуризм саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды

фото ТО ӘБҚ

Бүгінде еліміздің әр өңірінде әр өңірдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін, соның ішінде туризм саласын таныстыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар ішкі туризмді дамытып қана қоймай, экономикалық өсуге және аймақтар арасындағы мәдени әлеуетін алмасуға ықпал етеді.

 

Күні кеше Ақмола облысында Түркістан облысының агротуризм және экотуризм саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Табиғи және мәдени көрікті жерлерге бай Түркістан облысы туристерді тарту үшін бұл ресурстарды қалай тиімді пайдалануға болатынын көрсетті. Агротуризм туристерге ауыл өмірінің дәстүрлерімен танысуға, ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысуға, жергілікті өнімдердің дәмін татып, оны өндіруді үйренуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт табиғат пен салауатты өмір салтын сүйетіндерді қызықтырып қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті шаруа қожалықтарына қолдау көрсетіп, олардың дамуына өз үлесін қосады.

 

Түркістан өңіріндегі экотуризм табиғаттың сұлулығына зиян келтірмей ләззат алғысы келетіндерге бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Өңірдегі қорықтар, саябақтар және басқа да табиғи орындар жаяу серуендеуге, құстарды бақылауға және басқа да ашық ауада іс-шараларға арналған әртүрлі маршруттарды ұсынады. Табиғи тепе-теңдікті сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Кешегі Ақмола облысындағы көрсетілімдер Түркістан облысының туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға, жаңа қонақтар мен инвесторларды тартуға, сондай-ақ өңіраралық байланысты нығайтуға және бүкіл ел бойынша туризмді дамытуға ықпал етеді.

 

«Jana dala/Green day 2024» атты мамандандырылған көрме-демонстрациясы Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында екі күн қатарынан өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, АҚШ, Франция, Германия елшілері және Қазақстан мен шетелдің 200-ден астам компаниясының өкілдері қатысты. Бірінші күні ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды. Шараның екінші күні арнайы киіз үйлер тігіліп, онда әр өңірдің ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы әлеуеті таныстырылды. Мұндай презентациялар шара қатысушылары мен қонақтарына еліміздің әртүрлі аймақтарының бірегей ұсыныстары мен мүмкіндіктерімен жақсырақ танысуға мүмкіндік берді.

 

«Опен Түркістан» туристік ақпараттық орталығының бас директоры Серік Сандыбаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа экскурсия жүргізіп, киіз үйде ұсынылған агротуризм өнімдерімен таныстырды. Киіз үйге Түркістан өңіріне тән түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары қойылды. Аймақтағы агротуризмге жергілікті шаруа қожалықтарына бару, органикалық өнімдердің дәмін тату, дәстүрлі ауылшаруашылық жұмыстарына қатысу және жергілікті тұрғындардың мәдениеті мен тұрмысымен танысу кіреді. Бұл ұсыныстар органикалық өнімдер мен дәстүрлі өмір салтына қызығушылық танытатын туристерді тартады.

 

Көрмеде  пайдаланылған киіз үйлер де қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін бейнелеп, қонақжайлылық пен жайлылық атмосферасын қалыптастырды. Оларда қонақтар аймақтың туристік әлеуетін біліп қана қоймай, қазақ мәдениетінің рухын сезіне алды. Мұндай іс-шаралар агротуризм мен экотуризмді ілгерілетуде, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Олар ішкі туризмге қызығушылықты арттыруға көмектеседі және Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен туризм индустриясын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

 

Түркістан облысынан консерві өнімдері, тосаптар, жеміс пюрелері, «Dala Fruit KZ» тарапынан жеміс шырындары қойылды. Жалпы өңірде өндірілетін өнімдердің қатары көп. Әрі сапасы да жоғары. Тұрақты тұтынушылар қатары да артып келеді. Сонымен қатар екі өңірдің туристік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, ішкі туризмді дамыту мақсатында ақпараттар беріліп, туристік орындары таныстырылды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Боранбайұлы өз сөзінде Түркістан облысы туризм бағытын сөзбен емес, істеп дамытып жатқан өңір екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Түркістанның туристік мүмкіндігін жоғары бағалады, онда агротуризмді де,и экотуризмді де дамытуға мүмкіндік мол екенін айтып өтті. Бүгінде туризм саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Оның ішінде ішкі туризмді дамытуға басымдық берілмек. Белгілісі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, агротуризм – негізгі туристік бағыттардың бірі екені көрсетілген.

 

Айтып өтерлігі бұл көрме 2013 жылдан бері тінін үзбей дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Шара агроөнеркәсіптік кешеннің қазақстандық және шетелдік өкілдері арасында танымалдылыққа ие болды және ауыл шаруашылығы саласындағы озық әзірлемелерді көрсетудің тиімді алаңына айналды. Көрме инновацияларға, тәжірибе алмасуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін отандық және шетелдік өндірушілер арасындағы іскерлік байланысты дамытуға назар аударады. Қатысушылар ең жаңа технологиялармен, ауылшаруашылық әдістерімен таныса алады, сондай-ақ ынтымақтастық перспективалары мен өзара тиімді жобаларды талқылай алады.

 

Көрмені жыл сайын өткізу саладағы кәсіпқойлық деңгейін арттыруға көмектеседі, жаңа технологияларды енгізуді және өндірістік процестерді жетілдіруді ынталандырады. Агроөнеркәсіптік кешен өкілдері бұл шараны жаңа серіктестер табуға, өткізу нарығын кеңейтуге және халықаралық аренадағы ұстанымдарын нығайтуға пайдалана алады. Сонымен қатар, көрме қазақстандық өнімді әлемдік нарыққа шығаруда маңызды рөл атқарады. Ол отандық тауар өндірушілерге экспорттық байланыс орнатуға және ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде ел экономикасының өсуіне, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

 

Осылайша, бұл көрме Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жаңа экспорттық мүмкіндіктерге жол ашып, ауыл шаруашылығы нарығына инвестиция тартуда. Сонымен қатар, туризм саласының қарқынды дамуына да өзіндік үлесін қосуда.

149 қаралым