Жарияланды: 02.01.2025

Жаңа жыл түні 20 бала жоғалған

фото Отырар.кз

Үшінші мегаполисте жаңа жыл түнінде оқыс оқиға мен ауыр қылмыс тіркелген жоқ. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған мереке түні тыныш өтті дейді тәртіп сақшылары. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін 196 төтеншелік жеке құрам мен 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды Отырар.кз.

Шымкент қаласында жаңа жыл түні тыныш өтті. Ешқандай қауіп-қатер мен төтенше жағдай орын алған жоқ. Тәртіп сақшылары ешқандай ауыр қылмыс пен оқыс оқиғаның тіркелмегенін айтады. Қала аумағында 196 төтеншелік жеке құрам қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында кезекшілік етті.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «Қала аумағында жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде ешқандай оқыс оқиға орын алған жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Шымкент қаласы тұрғындарының мерекені тойлау кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында тәуліктік кезекшілікке жалпы саны 196 жеке құрам және 53 бірлік техника кезекшілік атқарған болатын. Министрлік тапсырмасына сәйкес 31 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында қызметтің күшейтілген режимі болады. Қазіргі уақытта басқа мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету жоспарына толығымен түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты».

Ал полицияға 1000-нан астам қоңырау түскен. Тәртіп сақшылары мерекелік іс-шаралар кезінде 20 баланың жоғалғанын атап өтті. Полицейлердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде барлығы табылып, ата-аналарына қайтарылған.

«Мерекелік іс-шаралар өткізілген орындарда патрульдеу кезінде полицейлер жоғалған 20 баланы тауып, ата-аналарына қайтарды. Жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде көлікті мас күйінде басқарған 3 жүргізуші анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды», — делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жаңа жыл түнінде мегаполис аумағында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылды. Айта кетейік, төтенше жағдайлар депаратменті қызметкерлері мен өзге де құқық қорғау органдары 7 қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді.

188 қаралым