Жарияланды: 25.08.2018

Теңдесі жоқ бекет тікелей ет экспорттайды

Түркістанда ірі мал сою бекеті ашылды, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Жеке кәсіпкер есебінен еңсе тіктеген бекет енді жаңа облыс орталығында ет экспортының артуына ықпал етпек. Алып кешенде тәулігіне 300-ден астам ірі қараны союға болады. Заманауи мұздатқыш етті бұзбай, кез-келген жерге тасымалдауға мүмкіндік береді. Мұндағы жұмыстың уақытылы бір жүйеге қойылғаны сол: мал еті тікелей шетелге экспортталады. 105 млн. теңгеге салынған бұл кешенде төрт түліктің барлық түрі сойылады. Білікті ветеринар мамандар сапаны бастапқы орынға қойған. Тексеруден өткен ет   тоңазытқышта қатыралады. Қажет болса,  арнайы автокөліктер арқылы тиісті жерге жеткізіліп беріледі. Нысан әзірге  рухани шаһардағы теңдесіз бекет болып отыр. Әбдісамат Мәткәрімұлы – кәсіпкер «Біз келген азаматтардың өтінішіне қарай барлық қызмет түрлерін көрсете аламыз. Бірақ, оның барлығы ақылы. Ақылы болғанымен, оның бағасын төмен қылуға уәде береміз. Сонымен қатар, етті қатырып, алыс-жақын шетелдерге шыға алатын етіп, құжатын да дайындап береміз». Әзірге мұнда 21 адам тұрақты жұмыс істейді. Егер сұраныс ұлғайып жатса, қызметкерлердің қатары көбейеді. Сонымен қатар, қосымша ет сақтайтын орындар ашылып, кешеннің аумағы кеңейеді. Ең бастысы, қаланың экспорттық әлеуеті артады. Әліпбек Өсербаев – Түркістан қаласының әкімі «Бүгінде біз тек малды бағып, оны көбейту ғана емес, оны ары қарай саудалау жағында жұмыс жасап келе жатыр біздің кәсіпкерлеріміз. Өйткені, биылғы 7 айдың өзінде 7800 тонна ет өндіріліпті. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бар өздеріңіз білетін. Солар бойынша 1700-дей мал бордақылау алаңдары ашылып, 5-6 жылда қазір соларда 17 000 бас сиыр бордақыланып жатыр». Еске салсақ, Түркістанда бұрын мұндай кешен болмағандықтан, малдың дені жеке үйлерде немесе шағын алаңшаларда сойылып келген. Оның етін сату үшін иесі біраз сандалатын. Енді міне, сол қиындықтар артта қалды. Сапаға деген сенім де күшейді.

М. Жарылқасын                                                                   

 

993 қаралым