Жарияланды: 02.09.2018

Таза пайда 4,5 млн. теңге

Фермердің негізгі міндеті – мал өсіру, төл алу, сөйтіп оны бордақылау алаңына өткізу. Шаруаның кәсібі гүлденіп кету үшін жергілікті атқарушы орган және қаржы ұйымдары шабындық жер, лизингке техника және несие беруге көмектесулері керек. Бағдарлама бойынша фермерлік шаруашылық құруға 50 млн. теңге кетеді екен. Бұл соманың 40 млн. теңгесі несие, лизинг есебінен алынады. Фермердің міндетіне қоражай салу кіреді. Жайылым құдықтарына кеткен шығындары инвестициялық жоба аясында субсидияланады. «Сыбаға» бағдарламасымен 15 жылға 4 пайызбен несие беру қарастырылып отыр. Болжамға сәйкес фермер аналық мал сатып алып оны тұқымдық түрлендіріп, жылына 50 сиырдан кемі 40 бұзау алса, сөйтіп жартысына жуық ұрғашы төлдерді өзіне алып қалса немесе сатса, ал, өгізшелерді мал бордақылау алаңдарына тапсырады. Бұдан жылына жұмсалатын 2,5 млн. теңге шығынды алып тастағанда түсетін таза пайдасы 4,5 млн. теңге болады екен. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта өндірістік мал бордақылау алаңдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін фермерлер санын көбейту қолға алынады. Мәселен, Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында осы тәртіппен кәсіптерін дөңгелеткен 82 шаруашылық бар. Енді оларды 230-ға көбейту мақсаты тұр. Бір ғана Алтынтөбе ауыл округінде 10 жылда фермерлік шаруашылықтар 20-ға артады деп болжануда. Яғни жыл сайын отбасылық фермерлер екеуден көбейіп отырады деген сөз. Сондықтан да сарапшылар бағдарламада міндетті көрсеткіштер өте оңай қол жеткізуге болатындай етіп бекітілгенін айтады. Содан кейін шаруаларға жер екі жағдайда беріледі. Бірі, конкурстық негізде болса, екіншісі, Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, инвестициялық жобаларға ауыл шаруашылығы жері арнайы алгоритм негізінде үлестіріледі. Сондықтан мамандардың пікірінше, жергілікті ауыл әкімдері өз ауылдарына инвестиция тартып, осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы тиіс.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

1 130 қаралым