Жарияланды: 02.09.2018

Бизнестің биігінде жүрген бикештер көп

Бүгінде ер адамға тән жұмыстардың барлығын әйел баласы атқара беруге әбден төселіп алды. Ғарышқа да ұшты, теңізге де түсті, тауды да бағындырды, билік пен бизнесте де жетістіктерге жетті. Бесікті билікке айырбастап гендерлік көрсеткішке көрік беріп жүрген бикештеріміз де жетерлік. Айтпағымыз бизнес-ханымдар жайлы. Тоқырау жылдарында ала қап арқалаған аналарымыз бүгінде бизнестің биігінде жүр. Ала қаптың заманы өткен. Бүгінде бизнес деген белесті бағындырып, ірі кәсіптің тұтқасын ұстаған бұрымдылар көп. Өнім өндіру мен қызмет көрсету, сауда саласының тасын өрге өрлетіп өзгелерге үлгі болып жүргендері қаншама. Бүгінде Түркістан облысы бойынша басшылықта 76 623 әйел өз іскерлігімен танылған. Аталған көрсеткіш бойынша Алматы қаласын ғана алдыға сала алады екенбіз. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын арулардың қатары 56 499-ды құрап отыр. Ал шаруа қожалығында 13 063 әйел нәпақасын тауып отыр. Серіктестікті басқаратын 5 026 әйел бар. Бұдан байқағанымыз қай сала болмасын әйелдердің үлес салмағы аз емес. Әрі олардың өнім өндіруде де, кәсіпті дөңгелетуде де асығы алшы. Жаны нәзік болғанымен, көтерер жүгі ауыр. Соған қарамастан ісін ілгерілетіп отырған әйел кәсіпкерлердің табысы да толымды. Бүгінгі күні облыс бойынша 175 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бар болса, солардың 30 пайыздан астамын бұрымдылар басқарып отыр. Олар белсенді. Ұқыпты. Адал да. Түрлі төлемдер төлеуде тәртіп бұзған әйелдер жоқ. Өз істерін табысты атқарып, нәпақаларын адалдап тауып отырған жәйлары бар.

1 260 қаралым