Түркістан облысына қарасты Отырар ауданындағы Бауыржан Мырзахметов басқаратын «Серік» шаруа қожалығының 6 гектар қарқынды бауы бар. Дәл осындай көлемде Көксарай ауыл округіндегі «Жұлдыз» шаруа қожалығы алма бағын отырғызған. Шахматтың шаршы алаңы секілді түзу тартылған алма ағашының аралықтарына егілген бақша өнімдері ерекше көз тартады. Алдағы уақытта алма өнімдері де өз тұтынушыларына жол тартпақ. Сырдарияның қос жағалауы малға жайлы, суы балыққа толы. Балық шаруашылығын өркендетуді көксарайлық кәсіпкер Әбдуахит Есмұрзаев Көксарай көлінде қолға алыпты. Әбдуахит Есмұрзаевтың ата – бабалары да балық аулауды кәсіп еткен екен. Қазіргі таңда «Жұлдыз» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамыту жобасын жүзеге асыру жолында тынбай еңбек етіп жатқаны байқалады. Сондай-ақ, аталған көлде 10 млн куб су сақтауға, су тапшылығын жоюға мүмкіндік бар. Мұнда су мөлшерін реттеп тұратын тоспа салынған. Мұндағы су көксарайлық диқандардың мыңдаған гектар алқапқа егін егуіне жағдай жасайды. Отырар ауданы ежелден тары дақылы да көптеп өсірілетін аймақ саналады. Ертедегі кәсіпті балтакөлдік диқандар жалғастыруда. Бүгінде «Досжанов.С», «Кәусар» цехтары заман талабына сай тары өңдеуді бастаған. Еліміздің түкпір – түкпіріне тары – талқан өнімдерін жөнелтіп жатқан кәсіпкерлер Сабыржан Досжанов, Сәкен Әбжаппаров цех жұмысын жаңғыртып, жаңа технологиялар арқылы тары өнімдеріне атау беріп, саудаға әр түрлі заманауи қорапшалармен шығарып, өзіндік брендке айналдыруды мақсат тұтып отыр.
М. Сабыр
Жарияланды: 06.09.2018