Биыл жері шұрайлы Түркістан облысында қарқынды бау көлемі 1 мың гектарға артпақ, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Мемлекет қолдауының арқасында аймақтағы жеміс-жидек алқабы 29 мың гектарға жетті. Оның ішінде 3800 гектар алқап қарқынды баудың үлесінде. Ризығын жер анадан тапқан диқандар Ордабасы ауданында аз емес. Ауылшаруашылығы саласында жалпы ішкі өнімнің үлесі 5 есе артуы тиіс. Бұл Елбасының «Қазақстан-2050 » стратегиялық жоспарында көрсетілген меженің бірі. Осы бағытта мемлекеттің қолдауымен қолға алынған «Болат ата » шаруашылығы 3 жылдан жүзім өсіру ісімен айналысып келеді. 10 гектар алқапта «Тайфи» және «Киш-миш» деп аталатын жүзімнің асханалық сорттары жайқалып тұр. Күтімі келіскен ағаштардағы жеміс көздің жауын алады. Ал, дәмі — тіл үйіреді. Бұл биылғы жаздың аса ыстық болғанының арқасы. Науқан кезінде өнімді жинауға 30 шақты адам жұмылады. Өйткені, мезгілінде үзілмеген жеміс дәмін жоғалтады. Сәбит Асанов — «Болат ата» шаруашылығының директоры «Жүзімді көмерде, ілерде, жинайтын уақытта 30-40 адамды жұмылдырып, іске кірісеміз. Былайша , қожалықта 5-6 адам жұмыс жасайды. Маусымдық кезеңде барынша жұмысқа кірісеміз». Шаруашылық әзірге жүзім жемісімен өңір тұрғындарын ғана қамтамасыз етіп отыр. Өйткені, енді ғана бой көтерген жүзімдік алқабы алдағы уақытта көп өнім беретініне сенеді. Бастысы, мәуелі бақтың күтімі жақсы. Алқап тамшылатып суарылады. Сәбит Асанов — «Болат-ата» шаруашылығының директоры «Жер бетінде жүзімнің он мыңға тарта түрі бар. Жесең, дәмі бал татитын жемістің бұл түрі буынға тұз жиналуына, аллергияға, қан аздыққа пайдасы зор. Мидың жиі шаршауына мен бауыр ауруларына қарсы емдік қасиеті де бар. Дана қазақ «Жүз дерттің емі — жүзім» деп, текке айтпаса керек».
Ұ. Нұрмахан