Жарияланды: 07.09.2018

Түркістан облысында кәсіпкер жаңа мектеп салып берді

Түркістан облысының Төле би ауданында 100 орындық бастауыш мектеп ашылды,  деп хабарлайды 24.kz. Таскешу елді мекенінде ел игілігіне берілген білім ұясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Жобалық құны 277 млн теңге болатын білім ордасында оқушыларға қажеттінің барлығы қарастырылған. Ойын алаңдары, спорт зал, медициналық бөлме, кітапхана және компьютерлік сыныптармен қамтылған. Мұнда оқушылар тек 4 сыныпқа дейін білім алады. Бұрын елді мекеннің балалары шағын ғана ескі мектепте оқып келген. Ол апатты деп танылғаннан кейін оқушылар шалғайдағы мектептерге қатынауға мәжбүр болған. Осыны аңғарған кәсіпкер білім саласының басшыларымен кеңесе отырып, мектеп салып беруді қолға алыпты. Қазір осы шағын мөлтек ауданда 300-ден астам оқушы бар. Олардың дені жаңа мектепте білім алуға құштар. Ғалия Сүгірбаева, Таскешу бастауыш мектебінің меңгерушісі: — Бұдан алдын біздің мектебіміз өте кішкентай болғандықтан талапқа сай болмайтын. Тозығы жеткендіктен біздің облыстық басқармадағы басшыларымыздың арқасында үлкен ғимарат салып беріп отыр. Енді біз үшін үлкен қуаныш, себебі, өте кең, жарық, барлығы қолайлы, техникалық жабдықтармен қамтылған. Бала бойына қажетті дүниелердің барлығы жасалған.

1 105 қаралым